Варшавада өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастығы ұйымының адам өлшемі жөніндегі конференциясына қатысқан қазақстандық үш адвокат - Әсел Тоқаева, Сергей Сизинцев және Данияр Қанафин Қазақстанда "Адвокаттық қызмет және заң жәрдемі туралы" заң жобасын қабылдамауға шақырған. Адвокаттар сейсенбі күні кешке болған жиында сөйлеген.
Адвокат Данияр Қанафин Қазақстан әділет министрлігі дайындаған "Адвокаттық қызмет және заң жәрдемі туралы" заң жобасының ережелеріне байланысты алаңдаушылығын айтқан. Оның пікірінше, заң жобасы адвокаттардың тәуелсіздігін шектеп, қаржы және ұйымдастыруға қатысты дербестігіне кері әсер етеді. Заң жобасында әділет министрлігі өкілдерінің қатысуымен тәртіптік комиссиялар құру көзделген, бұл бап 1990 жылы Гаванада өткен БҰҰ-ның сегізінші конгресі қабылдаған заңгерлердің (адвокаттардың) роліне қатысты негізгі принциптердің 28-тармағына қайшы келеді дейді ол.
- Заң жобасы Қазақстанда "мемлекеттік адвокатура" құру мүмкіндігі қарастырылған. Бұның заң тұрғысынан қисынсыз. Мемлекетке жұмыс істейтін адвокат сол мемлекеттің құқық органдарынан азаматтарды принципке сүйеніп және адал ниетпен қорғай ала ма? Бұл демократиялық елдегі сот әділеттілігі мен сот өндірісін ұйымдастырудың қарапайым стандарттарына қайшы келеді, - дейді Данияр Қанафин.
Адвокат Әсел Тоқаеваның айтуынша, адвокаттардың қазіргі жағдайын да жақсы деп айтуға келмейді.
– Адвокаттар қорғауындағы азаматтардың мүддесін қорғап, табандылық пен тым белсенділік танытатын істер бойынша сотта адвокаттарға жеке қаулы қабылдау арқылы ықпал етіп, қорқытуға тырысады. Қылмыстық жауапқа тартылу немесе адвокаттық лицензиядан айырылу қаупі үнемі төніп тұрған адвокатқа клиентін тиісті дәрежеде және сапалы қорғауына мүмкіндік бермейді, - дейді ол.
Биыл Тоқаева мен оның екі әріптесінің үстінен "сот әділеттілігін жүзеге асыруға кедергі келтіргені үшін" қылмыстық іс қозғаған. Адвокаттардың айтуынша, олар сотта клиенттерін қорғағандары үшін "жазықты" болған. Сот ісі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаевқа қатысты өткен.
Варшавадағы жиында сөйлеген қазақстандық үш адвокат елдегі адвокаттардың тәуелсіздігін қорғау жөніндегі ары қарайғы іс-қимылдарды жасау үшін биыл қазанның 14-і күні Астанада Қазақстан адвокаттарының съезін өткізу жоспарланып отырғаны туралы хабарлады.