Accessibility links

Астанада Жетінші күн адвентистері шіркеуінің пасторын соттап жатыр


Олег Бондаренко, Жетінші күн адвентистері шіркеуінің пасторы. Астана, 3 қазан 2017 жыл.
Олег Бондаренко, Жетінші күн адвентистері шіркеуінің пасторы. Астана, 3 қазан 2017 жыл.

"Астананың ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотында сейсенбіде Жетінші күн адвентистері шіркеуінің пасторы Олег Бондаренкоға қатысты істі қарау кейінге қалдырылды" деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Бондаренко діни бірлестікті басқарып тұрып "кәмелетке толмағандарды ата-анасының біреуі қарсы болып тұрып діни бірлестік қызметіне тартпау және қатыстырмау шараларын жасамады" деп айыпталып отыр.

Сотта биыл 15 тамызда Астананың дін істері жөніндегі басқармасына Әбжанова деген азаматтың шағымданғаны айтылды. Ол басқармаға күйеуі Марат Әбжановтың Жетінші күн адвентистері шіркеуіне барып жүргеніне алты ай болғанын және шілденің соңында шіркеуге өзімен бірге шешесінің келісімінсіз кәмелетке толмаған ұлы Медет Әбжанды апарғанын айтқан. Әйелдің сөзінше, ұлы оған "шіркеуде Құдай туралы діни өлең айтып, құлшылық жасағанын" айтып берген. Әбжанова діни бірлестік басшысына қатысты шара қолдануды сұраған. Екі күннен соң әйел Астана қалалық ішкі істер департаментінің экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл басқармасына ұлын "христиан дініне тартып жатқанын" айтып арыз жазған.

- Әбжанов өзінің шіркеуге барып жүргеніне бес-алты ай болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарады Ол шіркеуге екі-ақ рет, оның бірінде ұлы Медет Әбжанмен барғанын айтады. Шіркеуге білмекке құмарлық танытып барған және дін қызметкерін танымайды, өзін мұсылман санайды, бірақ ислам дінін ұстанбайды. Айына шамамен екі рет мешітке барады. Шіркеуде екі рет болған, діни өлең айтқан, - деді судья Қанат Иманәлиев құқық бұзушылық туралы сот актісін оқып тұрып.

Іс материалдары бойынша, діни бірлестік қызметіне заңсыз тартылды делінген Медет Әбжанның ата-анасы бүгінгі сотқа келген жоқ. Сотта дін істері жөніндегі басқарма өкілі де болған жоқ.

Жетінші күн адвентистері шіркеуінің жетекшісі Олег Бондаренконың айтуына қарағанда, ол 20 жылдан астам уақыт бойы пастор болып келеді, діни бірлестіктері ресми түрде тіркелген және Қазақстанның барлық заңын орындайды.

- Біз діни құлшылықты ашық орындаймыз. Оған нәсіліне, ұлты мен тіліне қарамастан кез-келген адам қатыса алады. Мені құлшылыққа жібермеу шараларын жасамады деп айыптағанға келсек, мен олар құлшылыққа қатысқаннан бір айдан соң не болатынын болжап біле алмаймын. Мен ол ер адамды жеке танымаймын, әйелін де білмеймін, сондықтан мен ешқандай шара жасай алмаймын. Әйелі олар құлшылыққа қатысқан соң бір айдан кейін арыз жазған, - дейді Олег Бондаренко.

Ол Әбжановтың адвентист болмағанын, христиан дінін ұстанбағанын және шіркеуге әуестікпен келген болуы мүмкін екенін айтады.

- Менің ұлыммен бірге мешітке барғаным сияқты нәрсе ғой. Егер әйелім бір айдан соң имамдар мені мұсылман дініне тартты деп арыз жазса, ол күлкілі болар еді, себебі мен христиан болып қала берем. Барам, қатысам, маған діни құлшылықтың қалай орындалатыны, тағы басқалары қызық, - деді Олег Бондаренко.

Пастордың адвокаты Ерлан Ғазымжанов Бондаренконы қашан болғаны белгісіз және жалпы болған, я болмағаны күмәнді жағдайға бола жауапқа тартып отырғанын айтады. Адвокат айыптау бір ғана адамның сөзіне сүйеніп тағылған деп санайды.

- Бізде кодексте кәмелетке толмағандарды дінге тартқаны үшін емес, діни бірлестік қызметіне діни ғұрыптар жасату арқылы тартқаны үшін жауапқа тарту қарастырылған. Мысалы, бұл бала сол кезде олардың діни әдебиетін сатуы, немесе олардың іс-шараларын ұйымдастыруы, болмаса соларға жұмыс істеуі керек еді. Бұлар - діни бірлестіктің қызметіне қатысу болып саналады. Ал егер ол өзі дінге сеніп, діни құлшылық жасаса онда оған діни бірлестік кінәлі емес, кінәлі болуы да мүмкін емес, - деді адвокат Ерлан Ғазымжанов.

Адвокат Ерлан Ғазымжанов. Астана, 3 қазан 2017 жыл.
Адвокат Ерлан Ғазымжанов. Астана, 3 қазан 2017 жыл.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда мұндай оқиға үшін діни бірлестікті жауапқа тарту бірінші рет болып отыр. Пасторға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабын бұзды деген айып тағылған. Бұл бап бойынша елу айлық есептік көрсеткіш (бір айлық есептік көрсеткіш 2269 теңге) көлемінде айыппұл салып, республика аумағынан шығару жазасы қарастырылған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG