Accessibility links

"Нұр Отан" саяси бюросы құрамынан Мәсімовті шығарып, Жақсыбековті қосты


Әділбек Жақсыбеков, Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы.
Әділбек Жақсыбеков, Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы.

Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков президенттің "Нұр Отан" партиясы саяси бюросының құрамына кірді. Жақсыбековтің кандидатурасын саяси кеңес мүшелері "бірауыздан" қолдаған.

Астанада өткен партия саяси кеңесінің кеңейтілген жиынынан соң партия хатшысы Қаныбек Жұмашев журналистерге саяси бюро қатарынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов шығарылғанын хабарлады. "Партия жарғысы бойынша, егер партия мүшесі құқық қорғау органдары құрамына өтсе, ол партиядан шығарылады. Мәсімов ҰҚК төрағасы болып тағайындалғандықтан бүгін оны бюро құрамынан шығардық" деді Жұмашев.

Саяси бюро қатарынан сонымен қатар "жұмысының көптігіне байланысты" вице-премьер әрі ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов те шығарылған. Жұмашевтің сөзінше, Мырзахметов партияның саяси кеңесі құрамында қалдырылған.

Партияның саяси кеңесі құрамында елдің барлық аймақтарының өкілдерінен 100 адам бар. Саяси бюро саяси кеңес құрамынан сайланады. Саяси бюрода жеті, тоғыз немесе 11 адам болуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG