Алматының Медеу аудандық соты кәсіпкер Нұрлан Биялдиловтің астаналық белсенді Айдын Егеубаевқа қарсы "абыройы мен қадыр-қасиетін қаралау" туралы шағымын қарауды Астананың Сарыарқа аудандық №2 сотына жолдады. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, Медеу аудандық сотында өткен алдын ала тыңдауда судья Фаррух Омаров егер жәбірленуші тарап 15 күн ішінде қаулыға қарсылық білдірмесе, онда шағымды Сарыарқа аудандық соты қарайтынын айтты.
Кәсіпкер Нұрлан Биялдилов Айдын Егеубаевтың үстінен "абыройы мен қадыр-қасиетін қаралайтын және "Бәтуа" компаниясының іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жала жабу сипатындағы мәлімет таратты" деп айыптап, шағым түсірген. Бұл - кәсіпкердің Айдын Егеубаевтың үстінен түсірген "абыройы мен қадыр-қасиетін қорғау туралы екінші шағымы.
Сотта Айдын Егеубаевтің адвокаты Гүлнәр Жуаспаева белсенді өзіне тағылған айып бойынша бұған дейін де сотталғанын айтып, адамды бір айып бойынша екі рет соттамауды, істі жабуды сұрады. Адвокаттың сөзінше, бұл шағым бойынша тағылып отырған айып та, сұралып отырған материлдық шығын көлемі де Астана сотында қаралған шағыммен бірдей. Жәбірленуші тарап өкілі Аида Кураметова бұл шағымда келтірілетін деректер Астанадағы сотта қаралмағанын айтып, істі жабуға қарсы болды. Сотқа Нұрлан Биялдиловтың өзі келмеді.
Айдын Егеубаев Астанада қаралған шағым Newtimes.kz сайтында шыққан мақалаға қатысты, ал бүгінгі шағым 2016 жылдың көктемінде abai.kz сайтына шыққан мақалаға қатысты екенін айтты. Бірақ ол abai.kz сайтында шыққан нақты қандай мақала екенін айта алмады.
Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты 2 қарашада белсенді Айдын Егеубаевқа қарсы Нұрлан Биялдиловтың шағымы бойынша үкім шығарған. Судья Болат Пазылов Егеубаевты "кәсіпкер Нұрлан Биялдиловтің абыройы мен қадыр-қасиетін қаралайтын және "Бәтуа" компаниясының іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жала жабу сипатындағы мәлімет таратты" деп айыптап, бас еркіндігін екі жылға шектеуге және 100 мың теңге "моральдық өтемақы" төлеуге үім кескен. Судья 87 миллион теңгеден астам (шамамен 261 мың доллар) материалдық шығын өндіріп беру туралы азаматтық шағымды қарамай тастаған.
Астана сотында қаралған жеке айыптау шағымында Newtimes.kz сайтында "қытайлықтар Қазақстан жерін ендігі иеленіп алғаны туралы" мақала шыққаны айтылған. Шағымда сонымен қатар "Бәтуа" компаниясын құрушылар қатарында Қытай азаматы жоғы" да айтылған. Шағымданушы белсенді компанияда қытайлық азамат барын айтып, компания беделіне нұқсан келтірді деген.
Егеубаев өзінің айыбын жоққа шығарады. Оның адвокаты Фатима Берсанова жарыссөзде іс материалында жала жабу мен қылмыс жасалғанын дәлелдейтін айғақтар келтірілмегенін және шағымданушының материалдық әрі моральдық шығын тартқанын дәлелдейтін құжаттар да жоғын мәлімдеген.