Судья Болат Пазылов "Бәтуа " компаниясының пайдасына 87 миллион теңгеден аса (шамамен 261 мың доллар) материалдық шығын өндіріп беру туралы азаматтық шағымды қарамай тастады.
Егеубаевтың үкімі оқылған кезде сот залында жиналғандар "Масқара!", "Сатқын сот"! деген сөздер айтып жатты.
— Негізі, біз бұл істі кім үшін, не үшін қозғағандарын, мұның кімге керек болғанын білеміз. Белсенділерге қатысты қозғалған істердің бәрі, мысалы Махамбет [Әбжанның], Атырау тұрғыны Бекболат Мұхаменәлиеваның, Айдын Егеубаевтың істері – белсенділерді, патриоттарды "тұқыртып алу" үшін, олардың құқық қорғау қызметіне кедергі жасау үшін қозғалған істер деп санаймын. Айдын Егеубаев бар болғаны азаматтық құқығын пайдаланып, фактілерді тексеру үшін хат жазған, енді сол үшін бас еркіндігін екі жылға шектеп, ешқайда кетпеу туралы қолхат алды, - дейді белсенді Қайырлы Омар.
Қазіргі халық бұрынғы халық емес. Былтырғы [жер] митингілерінен кейін тіпті ауылдық жерлердің өзінде халықтың саяси санасы оянды.
Оның сөзінше, Егеубаевқа шыққан үкім - "ұзаққа созыла алмайтын былық".
— Қазіргі халық бұрынғы халық емес. Былтырғы [жер] митингілерінен кейін тіпті ауылдық жерлердің өзінде халықтың саяси санасы оянды. Мұның аяқталатын кезі жақын қалды, [адамдарды] өзінің дәрменсіздігін, әлсіздігін көрсетіп мемлекеттің өзі итермелейді, енді мынадай қысыммен белсенділерді тоқтатқысы келеді. Олары бола қоймас, бұл - саяси тапсырыс, - дейді Қайырлы Омар.
Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты Серікбай Әлібаев мұндай үкімнің артында "Назарбаев, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесі тұр" деп санайды.
— Мына процесс Қазақстанда сот жүйесінің жоқтығын көрсетіп отыр. Айдын Егеубаев жерді оңды-солды таратып жатқанын, қазақтардың, Қазақстанның мүддесі бұзылғанын фактілерге сүйеніп көрсеткісі келген, - дейді Әлібаев.
Олардың тәсілі – осы шектеу, өзге пікір айтпасын, өзге нысандарды таппасын, ешқайда бармасын деген тәсіл.
Үкімді сырт көзге байсалды қабылдаған белсендінің өзі апелляция беретінін айтты.
— Олардың тәсілі – осы шектеу, өзге пікір айтпасын, өзге нысандарды таппасын, ешқайда бармасын деген тәсіл. Бірақ мен неге қорқуым керек? Енді шағым береміз, - дейді Айдын Егеубаев.
Жуырда сотта сөйлеген соңғы сөзінде ол Қазақстан азаматы ретінде түрлі мемлекеттік органдарға - бас прокурорға, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасына, қаржы министрлігі мен ауыл шаруашылығы министрлігіне, сыртқы істер министрлігіне жүгінгенін; жер комиссиясы отырысында сөйлегенін айтқан болатын. Егеубаевтың сөзінше, ол " қандай мақсатпен инвестиция құйылып жатқанын, ақша қандай мақсатпен игерілгенін және "Бәтуа" компаниясы қандай мақсатпен субсидия алғанын" білгісі келген.
Көре отырыңыз: Егеубаевтың соты
Оның үстінен жала жабу туралы жеке айыптау шағымы да БАҚ және түрлі мемлекеттік құрылымдарға жүгіну арқылы "қытайлар Қазақстанның жерін иемденіп алды" деп мәлімдеп, компанияның жұмысын тексеруді сұрағаны үшін түскен болатын. Айыптаушы тарап YouTube сайтында белсенді шығаруға қатысқан видеода "Бәтуа" компаниясын қаралайтын мәліметтер келтірілген деп санайды.
Жеке айыптау шағымына қосымшада "Егеубаев А.К. Үржарда қытайларға жер берді деп көрсетіп, ары қарай Биялдилов Н.Н. қалған 1,5 миллиард АҚШ долларына Джанг Вейдунг (лақап есімі - Мистер Джеймс) екеуі Малайзияда халықаралық қор құрып, ақшаны шетелге аударған деп көрсеткен" деп жазылған.
Бұған қоса, жеке айыптау шағымында "Бәтуа" жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрамында "Қытай азаматтары жоқ", бірақ белсенді "бар" деп мәлімдеуден танбай, компанияға зиян келтірді деп көрсетілген.
— Егеубаев әлдебір қылмыс жасаған жоқ, ол Қазақстан Республикасы конституциясының 33-бабының 1-тармағына және Қазақстан Республикасының 12.01.2007 жылы күшіне енген "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" заңға сәйкес өз құқығын пайдаланды. Жоғарыда аталған заңдарға сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтары мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін өзі басқару органдарына жеке өз атынан немесе ұжымдық өтініштер жолдауға, бұзылған құқықтары мен еркіндіктерін қорғауды өтінуге, заң талаптарын бұзылғаны, мемлекеттік, лауазымды тұлғалар ғана емес, өзге де субъектілер жұмысындағы кемшіліктер жайлы хабарлауға немесе олардың жұмысын сынауға хақылы, - дейді Егеубаевтың адвокаты Фатима Берсанова.
Айдын Егеубаев жалған, өзге адамды масқаралайтын өсек таратып жүргенін білген әрі солай істегісі келген.Жеке айыптаушының адвокаты
Адвокаттың сөзінше, ұсынылған мәліметтердің ешбірі жәбірленуші ретінде сот процесіне өзі қатыспаған әрі оның қатысуын сот та талап етпеген Нұрлан Биялдиловтің жеке басына тиіспеген. Адвокат Фатима Берсанованың айтуынша, бюджеттен белгілі бір сомада ақша алған, компанияның салық есептері мен айыптаушының өзі берген ақпаратқа қарағанда, іс жүзінде жұмыс істемеген бағдарламаларға субсидиялар алған Биялдиловтің "Бәтуа" компаниясының әрекеті қаншалықты заңды екенін оның клиенті мемлекеттік органдар арқылы анықтауға тырысқан.
— Айыптаушы компания құрамында Қытай азаматтары жоқ деп мәлімдейді. Бірақ мұны құрылтай құжаттары толықтай жоққа шығарады, өйткені компанияның 45 пайызы жалғыз құрылтайшысы Қытай азаматы саналатын "Уайз Груп" серіктестігіне тиесілі. "Бәтуа" құрамында Қытай азаматтары бар деген осы емес пе? – дейді Фатима Берсанова.
Сотта мәлімделгендей, "Бәтуа" компаниясы екі серіктестіктен – құрылтайшысы Нұрлан Биялдилов саналатын "Дәремет" және меншік иесі – Қытайдың Kazakhstan Development Limited компаниясы саналатын "Уайз Груп" серіктестігінен тұрады.
Бірақ жеке айыптаушының адвокаты Тұрсынтай Әмірәлиновтің пікірінше, Айдын Егеубаев "жалған, өзге адамды масқаралайтын өсек таратып жүргенін білген әрі солай істегісі келген".
— Өзі таратқан мәліметтер адамды масқаралайтынын, қорлайтынын, ұятты жағдайға қалдыратынын Егеубаевтың білгені анық. Мысалы, Егеубаев 2016 жылғы шілденің 1-інде берген арызға сәйкес, қаржы министрінің орынбасарына жүгінгеннен кейін Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік кіріс департаментіне қарасты экономикалық қылмыстарды тексеру қызметі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп, Есенғалиевтің, Тасмұратовтың, Биялдиловтің әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ болуына байланысты 2016 жылғы қыркүйектің 5-інде қылмыстық істі жапқан. Бірақ Егеубаев мұны біле тұра арызбен тағы үш мәрте жүгінген, - дейді Тұрсынтай Әмірелинов.
Былтыр желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысында соя өсірумен айналысатын "Бәтуа" компаниясы өкілдері абыройы мен қадыр-қасиетін, іскерлік беделін қорғауды және моральдық зиянды өтеуге міндеттеуді сұрап сотқа жүгінген, бірақ Астананың Алматы аудандық соты талап-арызды қарамастан қайтарып берген.
Бұған қоса, Айдын Егеубаев YouTube желісінде жариялаған видео үшін белсендімен Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев (қазір Ақтөбе облысы әкімі) та соттасқан болатын. Әлгі видеода әкім болған 2009-2014 жылдары Бердібек Сапарбаев "Қытай азаматтарының үлесі бар "Бәтуа" компаниясына жер беру мәселесіне араласты деп айтылған. Белсендінінің сотында Сапарбаев жеңген. Сот "абыройы мен қадір-қасиетін қорғау туралы" арыз бойынша Сапарбаевтың пайдасына өтемақы ретінде Егеубаевтан 100 мың теңге (шамамен 300 доллар) өндіруге әрі терістеу жариялауға міндеттейтін қаулы шығарған.