Мәжіліс жер туралы заң жобасын мақұлдады
Мәжіліс депутаттары жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. Құжатта ауыл шаруашылығы жерін тиімді пайдалануды қадағалау шаралары, шекара сызығында орналасқан жерді беруге және шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетел азаматымен немесе азаматтығы жоқ адаммен некеге тұрған Қазақстан азаматына, шетелдік заңды тұлғаларға және құрамында шетел азаматы бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер беруге тыйым салу қарастырылған. Қазақстанның жер туралы заңына 2015 жылғы күзде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен өзгерістер енгізілген еді. 2016 жылы көктемде Қазақстан қоғамында резонанс тудырған "жер митингілерінен" соң Назарбаев заңның даулы баптарына бес жылға мораторий жариялаған. Атыраудағы алғашқы "жер шеруіне" қатысқан жергілікті белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды "әлеуметтік араздық тудырды", "митинг өткізу туралы заңды бұзды" және "жалған ақпарат таратты" деген айыппен бес жылға соттаған.