Accessibility links

Сейітқазы Матаев шартты жазамен түрмеден босап шықты


Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистер одағының бұрынғы төрағасы
Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистер одағының бұрынғы төрағасы

Қазақстан журналистер одағының төрағасы, "қаржы жымқырды және салықтан жалтарды" деген айыппен сотталған Сейітқазы Матаев шартты жазамен түрмеден босап шықты.

Бұл туралы Матаев жазасын өтеген түзеу мекемесінен Азаттық тілшісі хабарлады. Матаев енді жазасын шартты түрде өтейді. Сейітқазы Матаев отырып шыққан Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА 155/14 колониясынан дүйсенбі күні түстен кейін босатылды.

Түрмеден босап шыққан сәтінде Сейітқазы Матаев түрмедегі ұлы Әсеттің жағдайына алаңдайтынын айтты.

Ол өзінің жақтастары мен әріптестеріне алғысын білдірді.

- Алайда соншалықты бір қуанып тұрған жоқпын. Өзімді бостандыққа шықтым деп те есептей алмай тұрмын. Ұлым әлі түрмеде отыр, - деген Сейітқазы Матаев өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар екенін айтты.

Айтуынша, ұлы Әсет Матаевтың шартты жазамен босау мүмкіндігі ақпан айында басталады.

Сейітқазы Матаев өздеріне тағылған айыптарды мойындамаса да, қозғалған іс бойынша шығынды өтейтіндігін білдірді.

Азаттықтың Сейітқазы Матаевтың босатылған сәтінен тікелей эфирі:

​Қапшағай қаласының соты 16 қараша күні Сейітқазы Матаевтың өзін мерзімінен бұрын шартты жазамен босату туралы өтінішін қарап, оны түрмеден босатуға шешім шығарған. Сот кезінде Матаевтың адвокаты, түрме басшылығы мен дәрігерлер денсаулығына байланысты оның мерзімінен бұрын босатылуын қолдаған. Бірақ прокурор Сейітқазы Матаев сот үкімі бойынша мемлекетке келтірген 200 миллион теңге залалды өтемегенін айтып, оны босатуға қарсы болған. Матаев прокурор соттың оны босату туралы шешіміне 15 күн ішінде қарсылық танытпағандықтан босатылып отыр.

2016 жылы 3 қазанда Астананың Есіл аудандық соты Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен алты жылға, ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға соттаған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болған. Матаевтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Матаевтың сотталуын айыптаған болатын.​

XS
SM
MD
LG