Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық сотының төрағасы "алаяқтық" қылмысына күдікті ретінде ұсталған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tengrinews агенттігі хабарлады.
Қалалық сот төрағасын "сотталушының жазасын жұмсартуға көмектесемін деген желеумен оның өкілінен үш миллион теңге (9 мың доллар шамасында – ред.) ақшаны алдап алған" деген күдікпен ұлттық бюроның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері ұстаған. Тергеушілер оған қарсы қылмыстық кодекстің "мемлекеттік лауазымды қызмет атқаратын тұлғаның аса ірі мөлшерде алаяқтық жасауы" деген бабы бойынша іс қозғаған.
Алайда ақпаратта күдіктінің қашан, қай жерде ұсталғаны туралы айтылмаған.
Желтоқсанның 22-і күні Астана қаласының Есіл аудандық соты күдіктіні қамауға алуға санкция берген. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр деп хабарланды.