Америкалық U.S. News & World Report басылымы сайты Алматыда тергеу абақтысында отырған бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің қарындасы Ботагөз Жәрдемәлінің "Трамп Назарбаевқа не айтуы тиіс. Президент адам құқығына қатысты мығым позициясын білдіруі тиіс» деп аталатын мақаласы жарияланды. Мақала Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескен 16 қаңтар күні басылды.
Бота Жәрдемәлі мақаласын «Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін президент Дональд Трамппен Овал офисінде кездеседі, ал Қазақстанда бауырым Ескендір Ерімбетов қамауда азапталып жатыр» деп бастаған. Ол 2017 жылы 13 қарашада Алматыда белгісіз он шақты адам өздерін таныстырмай, Ескендір Ерімбетов пен оның әйелін қоршауға алып, ешнәрсе түсіндірмей, ордерсіз Ерімбетовтің қолына кісен салып, алып кеткенін айтады. Жәрдемәлі бұдан соң Ерімбетов Қазақстанның «саяси поициясының» (ҰҚК-ны айтады – ред.) бақылауымен қамауға алынып, «жантүршігерлік физикалық және психологиялық қысым жасалғанын жазады. Оның сөзінше, тұтқындар бұйрық бойынша оны денесінде көгерген белгі қалмауы үшін дымқыл орамал оралған таяқпен ұрып-соққан.
Жәрдемәлі «Ерімбетовті бірнеше рет буындырмақ болған. Оны жалғыз кісілік суық камераға қамап қойған. Оны ВИЧ жұқтырылған қаны бар ине саламыз деп қорқытқан. Бұған қоса оған егер ҰҚК-ға болыспаса, ұлы мен қарт әкеміздің де тұтқындалатынын айтқан» деп жазады.
Бота Жәрдемәлі мақаласында өзіне қарсы айыптардың ойдан құрастырылғанын және саяси астары барын айтады. Назарбаев билігі ЕскендірЕрімбетовті шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп айыптайды. Биліктің мәліметінше, Бота Жәрдемәлі Әблязовпен көп жылдан бері бірге жұмыс істейді. Қазақстан Әблязовті аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыптап, 2017 жылы сырттай 20 жылға соттаған.
«2016 жылы Франция Әблязовқа қарсы істің саяси астары бар деп, оны экстрадциялау процесін тоқтатқан. Ол содан бері Францияда. 2017 жылы Интерпол оны тұтқындау туралы халықаралық ордерін жойды. Себебі Қазақстан мен оның одақтастары Интерполды Әблязовті қуғындау үшін теріс мақсатта пайдаланған» деп жазады Бота Жәрдемәлі.
Оның айтуынша, Қазақстан билігі Ескендір Ерімбетовті өзінен «режимнің саяси құрбандарына, оның ішінде Әблязовқа заңдық тұрғыдан көмек көрсеткені үшін» кек алу мақсатында кепілге алған. Жәрдемәлі өзіне де Қазақстанда жалған айып тағылғанын, осының себебінен Бельгияға кетіп қалып, сол елден саяси баспана алғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, тергеушілер Ескендір Ерімбетовке егер Әблязовқа қарсы куәлік беру үшін әпкесін Қазақстанға қайтуға көндірсе қудалауды тоқтататына уәде берген.
Бота Жәрдемәлі Еуропа парламентінің алты депутаты Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған ашық хатында Ескендір Ерімбетовтің «ойдан құрастырылған қылмыстық айыптаулармен қамауда отырғанына және азапталып жатқанына» қатысты алаңдаушылық білдіргенін айтады. Оның айтуына қарағанда, 12 қаңтарда Қазақстанның азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдарының коалициясы бас прокуратураға Ескендір Ерімбетов азаптауға ұшырады деген ақпаратты дереу тексеруді талап етіп, үндеу жолдаған.
Оқыңыз: Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті
Жәрдемәлі мақаласының соңында АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде оны адам құқықтарын қорғау шақыруы тиіс деп біледі. Ол бұған өзі ғана емес, Қазақстан қоғамы да мүдделі екенін айтады.