Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы 19 қаңтардағы отырысында "терроризмді насихаттады" және "діни араздық қоздырды" деген айыптар бойынша сотталған жергілікті тұрғын Шухрат Кибировтың шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Сот қаулысын қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытжан Қараманов оқыды. Алмалы аудандық сотының өткен жылғы 27 қарашада Кибировты 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы үкімі күшінде қалды.
Оқи отырыңыз: Арабша діни әндер "жариялаған" Кибиров сотталды
Сотталушының адвокаты Ғалым Нұрпейісовтың Азаттыққа айтуынша, бұған дейінгі сот процесінде Кибировқа 11 жыл түрме жазасын тағайындауды сұраған прокурор бұл жолы "істің 2014 жылдан бері жалғасып келе жатқанын ескеріп, 8 жыл беруді" сұраған.
Адвокат алдыңғы сот тергеуінде 16 куәгердің ешбірі "Вконтакте" әлеуметтік желісіндегі "Алим Ахметов" есімімен тіркелген аккаунттың Шухрат Кибировтікі екендігін айтпаса да, айыптаушы тарап әлгі аккаунтты еш дәлел-айғақсыз Кибировке таңа салғанын, бұған апелляциялық сот та мән бермегенін айтады. Оның сөзінше, Ержан Ескендіров деген куәгер өзіне қысым жасап, Кибировке қарсы куәлік етуге мәжбүрлегенін айтса да, ешбір судья бұған назар аудармаған.
- Судьялар біздің уәжімізді, дәлел-айғақтарымызды ескермеді. Бұл істің тапсырыспен жасалып отырғанына және оны айыптау бағытында жүргізу туралы алдын ала шешім жасалғанына күмәнім жоқ, - дейді адвокат Ғалым Нұрпейісов.
Ол ары қарай кассациялық сот алқасына шағымданатынын айтты.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті Шухрат Кибировті 2017 жылдың сәуірінде қамауға алып, "діни араздық қоздыру" және "терроризмді жария түрде насихаттау" баптары бойынша айыптар таққан. Кибировке тағылған айыптың дәлелі ретінде тергеушілер 2014 жылы "Вконтакте" әлеуметтік желісінде "Алим Ахметов" есімімен ашылған аккаунтта жариялаған араб және шешен тіліндегі төрт діни әннің (нашидтердің – ред.) аудиожазбасын келтірген. Шухрат Кибиров сотта өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Алматының Алмалы аудандық соты Кибировты айыпты деп танып, оған түрме жазасын тағайындаған.