25 қаңтар күні Астана қаласындағы Алматы аудандық сотында Макс Боқаевтың Солтүстік Қазақстандағы ЕC 164\3 мекемесінде жазасын өтеу заңдылығы туралы туыстарының шағымын қарау жалғасты.
Сот процесі Атырауда 2016 жылғы жер митингілері үшін сотталған белсенді Макс Боқаевты Петропавлға этаппен әкеліп, интернет арқылы сөйлесумен басталды. Сөз алған бетте Боқаев сотқа шағым түсіріп, адовкатымен түрме және сот қызметкерлерінің қатысуынсыз жеке сөйлесуге мүмкіндік беруді сұрады.
- Соңғы айда мені ақпараттық блокадада ұстап отыр. Жөнелткен хаттарым да, хабарламаларым да ешқайда жетпейді. Маған кісен салып қойсын, қасымда тек полиция қызметкері қалсын. Түрме және сот өкілдері менің адвокатыммен жеке сөйлесуге мүмкіндік берсін, - деді ол интернет байланыс арқылы.
Боқаевтың сөзін адвокаты Айман Омарова да қолдады. Ол сотталушыға қысым көрсетілуі мүмкін деп күдіктенді.
Судья Дәурен Байменов 15 минуттық үзіліс жариялады.
Макс Боқаев сотқа қатысып отырған азаматтық белсенділер мен журналистерге "желтоқсан айында түрмеде 25 градус суықта таңғы дене шынықтыруды жасаудан бас тартқаны үшін 6 рет жазаға тартылып, қатал бақылауда отырғанын" жеткізді.
Қайта жалғасқан сот процесінің екінші жартысында Айман Омарова қылмыстық атқару комитеті өкілдерінен Боқаевты Атырауға немесе оған жақын маңдағы облыстардағы түрмелерге не себепті ауыстыруға болмайтынын дәлдейтін құжатты көрсетуді сұрады.
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілі Қайрат Асыл «арнайы құпия бұйрыққа» сілтеме жасап, талап етілген құжатты көрсетуден бас тартты.
Адвокат Айман Омарова заңды негізде сұратқан құжатты әкелуді міндеттей алмаған сотқа сенбейтінін айтып, судья Дәурен Байменовтің сотты жүргізуінен бас тартатынын мәлімдеді.
Жарты сағатқа созылған үзілістен соң өз орынына қайта келген судья Байменов «судьядан бас тартуды жазбаша түрде жолдамағандықтан, процестің жалғасатынын» жария етті.
Адвокат Айман Омарова талабын жазбаша жолдайтынын айтты. Судья Дәурен Байменов сот отырысының 26 қаңтар күні сағат 16-да жалғасатынын хабарлады.
Макс Боқаевтың жазасын Петропавлдағы ЕС 164\3 мекемесінде өтеу заңдылығын анықтау шағымын қарау 18 қаңтарда басталған.
2016 жылғы Атыраудағы аса ауқымды жер реформасына қатысты митингілерден соң Макс Боқаев бес жылға абақтыға қамалған еді. 2016 жылғы 28 қарашада Атырау қалалық №2 соты оның жазасын Атыраудағы УГ 157\9 мекемесінде өтеуді белгілегенімен, 2017 жылғы 27 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС -164\3 мекемесіне жөнелтілген. Содан бері Макс Боқаев та, оның туыстары да бұл ауыстырумен келіспей, бірнеше мәрте арызданған, алайда сот бұл арыздарды қанағаттандырмаған.