Астананың мамандандырылған экономикалық сотының судьясы Нариман Бекназаров «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының ақпарат және коммуникация министрлігіне қарсы шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Ұйым шағымында министрліктің былтыр бюджеттен әр ақпарат құралына мемлекеттік тапсырысты орындау үшін қанша қаржы бөлінгені туралы ақпаратты көпшілікке жариялауға қойған шектеуін жоюды талап еткен.
Судья бұған дейін жауапкер тараптың талабы бойынша соттың жабық өтетінін жариялап, журналистердің сот отырысына қатысуына тыйым салған.
Заңгер Гүлмира Біржанованың айтуынша, ұйым сот шешіміне және сотқа БАҚ өкілдерінің қатысуына тыйым салуға шағымданданбақ. Заңгер "сот шағымданушы тараптың қоғамдық ұйым ретіндегі құқығы бұзылған жоқ және ол "Ақпаратқа қолжетімділік туралы" заңға қатысты мәселе емес" деп тапқанын айтады.
- "Ақпаратқа қолжетімділік туралы" заңда заңның жариялауға шектеу қойылған ақпаратқа күші жүрмейтіні туралы бап бар. Ал ұйымның сұрап отырғаны – жариялауға шектеу салынған ақпарат, - деді Гүлмира Біржанова судьяның шешіміне берген түсініктемесінде.
2017 жылы шілдеде ақпарат және коммуникация министрлігінің сайтында мемлекеттің ақпараттық саясатын республикалық деңгейде жүргізуге жарияланған мемлекеттік тапсырыстың қорытындысы туралы хаттама жарық көрген. «Құқықтық медиа-орталық» ұйымы ақпарат және коммуникация министрлігіне ресми сауал жолдап, мемлекеттік тапсырысты нақты кімдер алғанын білмек болған еді. Бірақ министрлік тапсырыс бойынша жалпы сомасы екі миллиард теңгеден асатын бюджет қаржысын нақты кім иеленгені туралы ақпаратты жариялаудан бас тартқан болатын.
Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың бұйрығымен бұл мәлімет «Қызмет бабында ғана пайдаланылуы тиіс» деп танылған. «Құқықтық медиа-орталық» ақпаратқа қолжетімділік туралы заң бойынша, мемлекеттік бюджет қаржысын түзу және жұмсауға қатысты мәліметті шектеуге болмайтынын айтады.