Accessibility links

Киевте Саакашвили президент Порошенкоға қарсы шеру өткізді


Михаил Саакашвили (ортада) Украина президент Петр Порошенконың отставкаға кетуін талап еткен шеру кезінде, Киев, 4 ақпан 2018 жыл.
Михаил Саакашвили (ортада) Украина президент Петр Порошенконың отставкаға кетуін талап еткен шеру кезінде, Киев, 4 ақпан 2018 жыл.

Украинаның "Рух новых сил" ("РНС") партиясының жетекшісі және Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили айдан астам уақыт үзілістен кейін жақтастарын Киевтің орталығындағы алаңға "Болашақ үшін" маршына ертіп шығып, Украина президенті Петр Порошенконың отставкаға кетуін талап етті. Ұйымдастырушылар наразылық маршына он мыңға жуық адам қатысты дейді. Ұлттық гвардия мен полиция Тәуелсіздік алаңы (Майдан Независимости) мен Крещатикке баратын жолды автобуспен жауып тастады. Ол жерлерде басқа шаралар өтіп жатқан болатын. "Болашақ үшін" маршына шыққандар өздерінің дәстүрлі бағытын өзгертіп, Тарас Шевченко саябағынан Владимир көшесімен Еуропа алаңына бет алды. Олар "Банда кетсін!", "Импичмент" және "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!" деп ұрандады.

Еуропа алаңында өткен митингіде Саакашвили тағы да Порошенко мен бас прокурор Юрий Луценконы сынады. "Елде Донбаста соғыс жалғасып, украиналықтардың басым көпшілігі кедейшілікте тұрып жатқанда екеуі де жаңа жылдық демалыстарын шетел курорттарында өткізді" деді Саакашвили. Митингіге қатысушылар қабылдаған қарарда Порошенконы 18 ақпанда Киев Майданына шығып, президент қызметінен өз еркімен отставкаға кететінін жариялауға шақырған.

"Егер де қазір ол жағдайды қантөгіске апармай, өзі кететін болса оның көп істерін кешіріп, жайына қалдырады. Бірақ мынаны ескерткім келеді: егер ол бұдан кейін де адамдарды қуғын-сүргінге салуды жалғастыратын болса, онда жаза да қатал болады және халық қаһарынан оны ешнәрсе құтқарып қала алмайды", – деп мәлімдеген сахнадан Михаил Саакашвили.

26 қаңтарда Киевтің апелляциялық соты Михаил Саакашвилиді 5 ақпанға дейін түнгі уақытта үйқамақта ұстау туралы шешім шығарған. Саакашвилиге "қылмыстық ұйымдар мүшелеріне жәрдемдеседі және олардың қылмыстық іс-әрекеттерін жасырады" деп күдіктенеді. Тергеушілер Саакашвили наразылық акцияларын қаржыландыру туралы Украинаның экс-президенті Виктор Януковичтің "отбасының есепшісі" Сергей Курченкомен келісім жасап, "одан кемінде 500 мың доллар алған" деген болжам айтады.

Михаил Саакашвили болса "билік жалған айыптар мен арандатулары арқылы мені Украинадан шығаруды көксейді" деп мәлімдейді.

XS
SM
MD
LG