Accessibility links

"Қазақстандық" делінген белсендінің шағымы


"Миллиондар маршындағы" анархистер колоннасы. 2012 жыл.
"Миллиондар маршындағы" анархистер колоннасы. 2012 жыл.

БАҚ "Қазақстан азаматы" деп хабарлаған Ресейде ұсталған белсендінің азапталғаны туралы шағымын тиісті орындар қарамай отыр.

Петербургтік құқық қорғаушылар мен адвокаттардың хабарлауынша, антифашист Виктор Филинковтың "ФСБ қызметкерлері тарапынан азаптауға ұшырадым" деген мәлімдемесін оны ұстаған мезеттен бері бір де бір лауазымды тұлға тексермеген. Іске қатысты ұсталған тағы бір адам - кәсіпкер Игорь Шишкиннің де азаптауға ұшырағаны туралы қоғамдық бақылау комиссиясы мүшелерінің хабарламалары да тексерілмеген. Әңгіме ФСБ "террорлық топқа" қатысы бар деп айыптайтын "пензалық антифашистер" ісі жайлы болып отыр.

2017 жылғы қазанда ФСБ (Федералдық қауіпсіздік қызметі - Азаттық) Ресейдің Пенза қаласында фашизмге қарсы қозғалыстың төрт белсендісін - Егор Зорин, Илья Шакурский, Василий Куксов және Дмитрий Пчелинцевті ұстаған болатын. Ал бір айдан кейін Пензада Андрей Чернов және Санкт-Петербургте Арман Сағынбаевты тұтқындаған. ФСБ президент сайлауы мен футболдан әлем чемпионаты кезінде жас жігіттер жарылыстардың көмегімен "елдегі саяси жағдайды шайқалту мақсатымен халықты көтеріліске айдап салып", қарулы бүлік шығару үшін "Сеть" деген әлдебір ұйым құрған деп мәлімдейді.

Қарсы барлау өкілдерінің долбарынша, "Сеть" ұйымының топтары Пенза мен Санкт-Петербург қана емес, Мәскеуде және тіпті Беларусьте де әрекет еткен. Екі апта бұрын Петербургте антифашист Виктор Филинковты, ал екі күннен соң Игорь Шишкинді ұстаған. Оларды да "террорлық ұйым" мүшелері ретінде тұтқындаған. Достары мен туыстары екеуін бір тәуліктен көп іздеп, таба алмаған.

ФИЛИНКОВ ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ МА?

Антифашист Виктор Филинков 25 қаңтарда ұсталған. Бірақ ол бұдан екі күн бұрын жоғалып кеткен. Оның сөзінше, ФСБ қызметкерлері оны орманға апарып, бірнеше сағат бойы электр есеңгіреткішпен азаптаған. Ақыры оны өзінің террорлық ұйымға мүше екені және аты-жөнін сол жерде бірінші рет естіген адамдармен байланысы туралы аңызды жаттауға ғана емес, сонымен бірге оны сотта растауға мәжбүрлеп көндірген. Виктор азаптауға шыдамай өз-өзін қаралап "Сеть" тармақтарының бірі делінген "Марсово поле" ұйымының мүшесімін деп еріксіз мойындаған. Бұл іске куәгер ретінде тартылған Илья Капустин де осындай азаптауға ұшырағанын мәлімдейді. Оны бостандыққа шығарған соң жарақаттарын дәрігерге тіркетудің сәті түскен. Капустиннің сөзінше, оны "аяқтарыңды сындырып, орманда қалдырамыз" деп те қорқытқан.

Филинковтың жұбайы "Настоящее время" бағдарламасына берген сұхбатында күйеуінің қазақстандық екенін айтады:

РесейлікБАҚ-та да Филинковтың қазақстандық екені айтылады. Азаттық бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігінен де сұрап көрді. Өткен аптада министрліктің баспасөз қызметі "Қазақстанның Санкт-Петербургтегі бас консулдығы мен Мәскеудегі елшілігіне Ресейдің ресми орындарынан осындай фамилиямен ұсталған Қазақстан азаматы жайлы мәлімет түспегегенін" айтып жауап берген.Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов дипломаттардың бұл туралы ақпаратты тексеріп, Ресейдің тиісті орындарына сұрау салатынын айтқан.

Филинков ұсталған соң екі жарым апта өткенде, 12 ақпан күні Әнуар Жайнақов оның Қазақстан азаматы екенін растамады да, жоққа да шығара алмады. Ол мәліметті анықтап, кейінірек хабарлайтынын айтты.

"ЖАЛҒЫЗ АҚПАРАТ КӨЗІ - ТҮРМЕ РАДИОСЫ"

Қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі Яна Теплицкаяның сөзінше, Виктор Филинковты құқық қорғаушылар екі күн бойы іздеген және оны сот шешімімен екі айға қамағаннан кейін оған бірден барған.

- Бірінші күні біз Виктор Филинковтың иегінен болмашы сызатты ғана көрдік, ал қалған жарақаттарын көрген жоқпыз, өйткені киімі жауып тұрды. Бірақ жоғалып кеткен Игорь Шишкинді іздеп, ертеңінде тергеу абақтысына барған кезімізде Филинков бізге өзін орманда азаптағанын айтып берді әрі денесіндегі электр есеңгіреткішпен күйдірген іздерді көрсетті. Біз оның атйқандарын жазып алдық. Әлгі ақпаратты бірден жариялап, тергеу комитетіне арыз жаздық. Жаңа ғана Викторға тағы барып келдік. Оның азаптау туралы арызын екі күн бойы ешкім тексермепті. Абақтыға прокурор да, тіпті консул да бармапты. Ал Виктор Қазақстан азаматы ғой. Білуімше, консул түрме ғимаратына барған, бірақ Виктормен жолықпаған, мүмкін, оны жолықтырмай қойған шығар, - дейді Яна Теплицкая.

Олардың ақпараттық вакуумда отырғанына 10 күннен асты.

Екінші ұсталған адам – кәсіпкер Игорь Шишкинді де Виктор Филинков сияқты, тіпті одан да асқан қатігездікпен азаптағанға ұқсайды: Бірақ ол мұны мәлімдеуден бас тартқан. Әуелі Виктор Филинковке барып, сосын Игорь Шишкинмен жолыққан қоғамдық бақылау комиссиясы мүшелері екеуінің де денесінен электр есеңгіреткішпен күйдіргенге ұқсайтын көптеген іздерді көрген.

Оның айтуынша, арада бірнеше күн өткенде қазір Виктордың денесіндегі азаптау іздерінің бәрі дерлік кетіп қалды. Оны қоғамдық бақылау комиссиясы мүшелері мен адвокаттардан басқа ешкім көрген жоқ. Яғни әлгі жарақаттар сол күйі тіркелмей қалды.

- Оны түрме дәрігерлері көрген, бұған қоса, егер техникалық ақау болып, өшіп қалмаса біздің және адвокаттардың барғаны жазылған видеода қалған шығар. Бірақ біз көргеніміздің бәрін баяндап, жазып қойдық. Шишкиннің де, Филинковтың да денесін тексеріп, көргендерімізді растап акті толтырдық. Ұзақ азаптаудан қалған іздер Игорь Шишкиннің денесінде де бар екенін көрсеттік. Өзі олар жайлы мәлімдеген жоқ. Оның арқасынан электр сымымен күйдірген іздерді көрдік. Екеуі қазір екі кісілік камераға ауыстыруды күтіп, әлі бір кісілік камерада отыр. Олардың ақпараттық вакуумда отырғанына 10 күннен асты. Жалғыз ақпарат көзі - түрме радиосы, - дейді Яна Теплицкая.

АЙТЫЛМАЙТЫН АЗАПТАУ МА?

"Азаптау жайлы неліктен Виктор Филинков қана мәлімдеп, Игорь Шишкин үнсіз отыр? Әлде оны қорқытып тастаған ба?" деген сұраққа Яна Теплицкая былай деп жауап берді:

- Ол 48 сағат әлгі адамдардың қолында болған, соның бір тәулігі бойы оны азаптағаны анық. Меніңше, Игорьдің қандай күй кешкенін тіпті елестетудің өзі қиын, тіпті ресми құжаттардың өзінде тергеу бір тәулікке - түнгі сағат үштен ертеңгі түнгі сағат үшке дейін созылды деп көрсетілген. Онымен енді ғана жолыққан кезде бізге ол қатты жасқанып отырғандай көрінді. Ол жалтақтап, әр қимылына рұқсат сұраумен болды. Дегенмен қазір ондай қорқыныштан арылған сияқты. Бірақ азаптау жайлы анық айтпайды,- дейді ол.

Клиентін азаптауға қатысты ешқандай тексеру жүргізілмегенін Виктор Филинковтың адвокаты Виталий Черкасов те айтып отыр. Игорь Шишкиннің адвокаты Дмитрий Динзе азаптау іздеріне қатысты жағдайға комментарий беруден бас тартты.

- Азаптау жайлы әзірше ештеңе айтпаймын. Айып әлі тағылған жоқ, Шишкин абақтыда күдікті мәртебесімен отыр. Айып тағу үшін тергеушіге 45 тәулік беріледі. Сондықтан біз тергеудің аяқталуын күтіп отырмыз. Бұған қоса, біз сотқа дейін мәміле жасасуға өтініш беріп қойдық, - дейді Динзе.

Адвокат Динзенің пікірінше, "питерлік істің" түп-тамырын Пензадан іздеу керек. "Петербургтік тергеушілер тапқан материалдардың бәрін Пензаға жолдап жатыр. Сондықтан мен әзірше ешқандай материалмен таныса алмаймын. Соқыр тәуекелмен қимылдауға тура келіп тұр, заң бойынша мен іс материалдарымен алдын ала тергеу амалдары аяқталғаннан кейін ғана таныса аламын" деп түсіндірді ол.

АЗАПТАУДЫҢ СОРАҚЫСЫ

Ұлыбританияға эмиграцияға кетіп, баспана сұрауға мәжбүр болған пензалық бизнесмен Алексей Шматко "бүкілресейлік террорлық анархистер ұйымы ісіне" тексеру жүргізіп жатқан пензалық ФСБ жүгінетін тәсілдерді жұрттың көбінен жақсы біледі.

Пензадағы "Сеть" ісін жүргізіп жатқан ФСБ тергеушісі Валерий Токарев кезінде Шматконың да ісімен айналысқан. Эмигрант кәсіпкер Азаттықтың Орыс қызметіне Пензада қолданылатын тергеу әдістері жайлы айтып берді. Бұған қоса, оның айтуынша, арада тіпті көп жыл өтсе де азаптау фактісін дәлелдеуге болады, Ұлыбританияда сондай практика бар.

- Пенза – тоқырауға ұшыраған аймақ. Ал менің компаниям айналымында 80 миллион доллары бар "бетке ұстар" компания болған. Біз жылу қазандықтарын жобалау мен салумен айналысқанбыз, "Газпром" үшін ірі жобалар жасап көзге түскенбіз, - деп еске алады Шматко.

Токарев маған "әйеліңді зорлап, ал алты жастағы балаңды балалар үйіне жібереміз" деп қоқан-лоқы жасаған болатын

- Ол кезде ФСБ-ның Пенза басқармасы бастығының орынбасары болған Николай Антонов бизнесімнің жартысын беруімді талап етті. Компаниямның басшылығына өз адамын да енгізбек болды. Мен оның айтқанына көнбей қойдым да, артынан мені тұтқындады. ФСБ-ның Пензадағы шектен шыққан жүгенсіздігін өзім көргендіктен, шетелге кетіп қалдым. Олар алым-салық төлемей қойған бизнесменді түрмеге тығады. Пензадағы үлкен кәсіпорындардың бәрінен алым-салық салып тастаған. Пензада бизнесін тартып алғанға дейін кәсіпкерлердің көбі түрмеде отырып шыққан. Аймақта "Самко" және "Визит" деген екі сыра зауыты бар. Екеуінің де директоры бір мезгілде, бір камерада отырды. Мәскеуде бірдеңені дәлелдеуге әлі мүмкіндік бар шығар. Ал Пенза сияқты аймақтарда ондай мүмкіндік жоқ, - дейді ол.

Қазір "анархистердің террорлық ұйымы" ісімен айналысып жатқан ФСБ тергеушісі Валерий Токарев кезінде Шматконың да ісін жүргізген көрінеді.

- Ол 2010 жылы менің үстімнен қозғалған қылмыстық істі жүргізгенде лейтенант болатын. Менің ісім оның карьерасындағы үшінші іс болған. Пензадағы мына "терроршылар ісі" фигуранттарының азаптауға ұшырадық деген мәлімдемесі рас сияқты. Мені аптасына үш рет азаптаған. Тергеу абақтысында да, ФСБ ғимаратында да азаптаған. Тергеу абақтысы дәлізінде ұрып-соқпайтын, өйткені ол жерде видеокамера бар. СИЗО-ның бірінші корпусының (ақ кірпіштен қаланған "жаңа корпус") ішінде видеокамера жоқ "оперативниктер бөлмесі" бар. Сол жаққа апарып соққыға жығатын. Бизнесіңнің жартысын бересің деп тепкілеп, қолдарымен, таяқпен ұратын. Ізі қалады-ау деп ойламай, бас-көз демей тепкілейтін. Бірақ ең қорқыныштысы ұрып-соғу емес екен. Токарев маған "әйеліңді зорлап, ал алты жастағы балаңды балалар үйіне жібереміз" деп қоқан-лоқы жасаған болатын, - дейді ол.

АЗАПТАУ ТУРАЛЫ АРЫЗДЫҢ АҚЫРЫ

Ол кезде Шматко тергеу комитетіне азаптауға ұшырағаны жайлы арызданған. Бірақ онымен жолығуға тергеу абақтысына барған тергеушіні де, азаптау іздерін тіркеуі тиіс болған дәрігерлерді де кіргізбей қойған.

Шматко қамауда отырған кезде фирмасы клиенттерінен айырылған. Ал оның компаниясын өзгелер нарықтан ығыстырып шығарып, ақыры бизнесі күйреп тынған.

- Соңында туыстарым тергеушіге 500 мың рубль, судьяға 500 мың рубль төледі. Ал менің "кінәмді мойындап, өзім келдім "деп жазуыма тура келді. Сондықтан мені шартты жазамен босатып, 2011 жылы елден кетіп қалдым. Әуелі отбасыммен Солтүстік Кипрде болдым, 2014 жылы Ұлыбританиядан баспана сұрадым. Қазір мені Ресейге экстрадициялау мәселесі мен Ұлыбританияда босқын мәртебесін беру мәселесін қатар қарап жатыр. Ұлыбритания соты мені азаптауға ұшыраған деп таныды. Мұрным сынған, бетімде айналасы жырым-жырым терең тыртықтар, тіземде ойық бар. Жарақаттар қалай түскенін көрсететін медициналық сараптама болады дегенді естідім. Оксфорд университеті жанындағы клиникада менің жарақаттарыма сондай сараптама жасады. Ұлыбританияның жоғарғы соты қарап жатқан істің бір бөлігі болғандықтан, оның қорытындысын әзірше жариялауға болмайды, - дейді Алексей Шматко.

...саусақтарының ұштарына электродтар жалғап, "динамо-машинаны" қосып, ток жіберген.

Пензада түсініксіз жағдайда тәркіленген атыс қаруынан бөлек, "Сеть" ұйымының бүкіл Ресей аумағында террорлық әрекетпен айналысқанын көрсететін өзге қандай айғақтар бар екені әзірше белгісіз. Бірақ тұтқындалғандардың азаптау арқылы мойындатты деген мәлімдемелері барған сайын расталып келеді. Мысалы, "террорлық топ" ісі бойынша Пензада тұтқындалған антифашистер Илья Шакурский мен Дмитрий Пчелинцев ФСБ қызметкерлері оларды тергеу абақтысының жертөлесінде азаптағанын өз адвокаттарына айтып берген.

- Клиентімнің сөзіне қарағанда, олардың бәрін тергеу абақтысының жертөлесіне апарып азаптаған. Камераға бетперде, камуфляж форма киген қызметкерлер кіріп, оларды әбден жетілдірілген тәсілдермен азаптаған, - дейді Илья Шакурскийдің адвокаты Анатолий Вахтеров "Медиазона" сайтына.

Оның айтуынша, оның клиенттерін жертөледегі бөлмеге түсіріп, киімдерін шешуге мәжбүрлеген. Сосын саусақтарының ұштарына электродтар жалғап, "динамо-машинаны" қосып, ток жіберген.

- Шакурский маған "азаптауға шыдамай, өзін-өзі қаралағанын" айтты, - дейді Анатлоий Вахтеров.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшілері Татьяна Вольтская мен Александр Литойдың мақаласы орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG