Accessibility links

Жәкішевке рақымшылық жасау туралы хатқа қол жинай бастады


Мұхтар Жәкішевтің «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басшысы болған кезінде түскен суреті.
Мұхтар Жәкішевтің «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басшысы болған кезінде түскен суреті.

Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-тегі парақшасында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жасау туралы жазылған үндеу хатқа қол жинауды бастады. Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Ол жазасын Қарағанды облысының Долинка кентіндегі қатаң режимдегі АК-159/6 колониясында өтеп жатыр.

Үндеуге қол жинауды ұйымдастырушылар ретінде журналист әрі құқық қорғаушылар Розлана Таукина мен Рамазан Есіргепов көрсетілген. Үндеу хатта Мұхтар Жәкішевтің жағдайы ауыр екені, көбінесе төсек тартып жатып қалатыны және күн сайын 30 данаға дейін дәрі ішетіні жазылған.

Хат авторлары былтыр қыркүйекте Мұхтар Жәкішевтің анасы, 79 жастағы Раиса Жәкішева Назарбаевқа ұлының ауыр науқасқа шалдыққанын айтып, ұлына рақымшылық жасауды, тірі кезінде босатуды сұрап қайырылғанын айтады.

Бірақ Раиса Жәкішеваның үндеуі осы уақытқа дейін қаралмаған. «Анасының талап-арызын қарап, Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жасап, босатуын сұраймыз!» дейді бастамашыл топ.

Бақытжан Төреғожина Назарбаевқа үндеумен байланысты парақшасында 79 жастағы Раиса Жәкішеваның суреті мен оның былтыр қыркүйекте президенттен ұлына рақымшылық жасап, босатуды сұраған хатының және оның президент кеңсесіне жеткені туралы мөр басылған хаттың көшірмесін салды. Жәкішеваның 25 қыркүйекте жолдаған хаты президент кеңсесіне 2017 жылы 2 қазан күні жеткен.

Раиса Жәкішева хатында күйеуі Еркін Жәкішевтің ұзақ уақыт гипертониямен ауырып, 2001 жылы инсульттен көз жұмғанын, қазір ұлы Мұхтар Жәкішев те осы аурумен ауыратынын жазады.

Оқи отырыңыз: Жәкішевтің операциядан кейінгі жағдайы жайлы дерек әртүрлі

Жәкішевтің туыстары мен жақтастарының алаңдаушылығына байланысты Азаттық бұған дейін ішкі істер министрлігінен оның денсаулығы туралы бірнеше рет ақпарат сұраған. Министрлік сауалдарға «Жәкішевтің жағдайы бір қалыпты, медициналық бақылауда және емделіп жатыр» деген стандартты жауап беретін.

Мұхтар Жәкішевтің ісі жабық қаралған. Қазақстандық құқық қорғаушылар 2013 жылы Жәкішевті саяси тұтқын деп атаған. Олардың пікірінше, Жәкішев бұрынғы банкир, 2009 жылдан бері шетелде жүрген Мұхтар Әблязовпен дос болғаны үшін сотталып отыр. Қазақстан билігі 2009 жылдан бері Әблязовті Қазақстанға қайтара алмай отыр.

Мұхтар Жәкішевтің ісі туралы арнайы парақшамызды қараңыз

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті Жәкішевтің шағымы бойынша, оның құқығы бұзылған деген шешім шығарып, Астананы Жәкішевті босатуға шақырған.

Қазақстандық билік Мұхтар Жәкішев ісінде саяси астар барын жоққа шығарады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG