Accessibility links

Әндіжан оқиғасына қатысы бар адам билікке оралды


Закир Алматов (ортада) Өзбекстан ішкі істер министрі кезінде. Ташкент, 2005 жыл.
Закир Алматов (ортада) Өзбекстан ішкі істер министрі кезінде. Ташкент, 2005 жыл.

Өзбекстанда бұрынғы ішкі істер министрі Закир Алматовтың билікке оралуы көпшілік күтпеген жаңалық болды. Оның есімін 2005 жылы мамырда Әндіжан қаласында болған қанды оқиғамен байланыстырады.

Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласында 2005 жылғы 13 мамырда болған қанды оқиғамен (кейбіреулер "қырғын" деп те атайды) ең көп байланыстырылатын бір шенеунік болса, ол – Закир Алматов еді. Ол "денсаулық жағдайына байланысты" деген желеумен 2005 жылдың соңында қызметінен кеткен соң, уақыт өте біртіндеп жұрт есінен шыға бастаған.

Алайда биыл 27 ақпанда 68 жастағы Закир Алматов "Ішкі істер министрінің кеңесшісі" деген жаңадан ашылған лауазымға тағайындалды. Қыркүйек айынан бері Өзбекстан ішкі істер министрлігін Пулат Бобожонов басқарып отыр.

Бұл жаңалық біраз жұртты таңқалдырды. Себебі, 2016 жылғы қыркүйекте Өзбекстанда билік басына келген Шавкат Мирзияев осыған дейін кей іс-әрекеттерімен елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтің кесірлі саясаты мен зиянды мұрасынан құтылуға тырысып жатқандай әсер қалдырған еді. Бірақ енді Мирзияев тәуелсіз Өзбекстан тарихындағы ең қайғылы оқиғаға қатысы бар деп саналатын әрі тұлғасы қайшылыққа толы адамды билікке қайта әкеліп отыр.

Өзбекстан 1991 жылдың соңында тәуелсіздігін жариялағаннан кейін елдің ішкі істер министрі болып тағайындалған Закир Алматов бұл қызметті 2005 жылдың соңына дейін атқарған. Ол Әндіжандағы қантөгіске дейін елдегі ең ықпалды тұлғалардың бірі болған.

ӘНДІЖАН ОҚИҒАСЫ

2005 жылғы мамырдың 13-інде Әндіжан тұрғындары түрмеде қамауда отырған жергілікті бизнесмендерді босатуды талап етіп, наразалық шарасын өткізіп жатқан. Осы сәтте түрмеден қашқан қылмыскерлер мен Қырғызстан жақтан шекара асып келген қарулы топ тұтқиылдан оқиғаға араласты. Осылайша демонстрацияның соңы бүлікке айналып, қарулы адамдар үкімет ғимараттарын басып алды, полицейлер мен билік өкілдерін кепілге алды, кейбіреуін тіпті өлтіріп тастады.

Әндіжан оқиғасының 10 жылдығына арналған фотогалерея:

Ішкі істер министрі ретінде Закир Алматов қарулы топ басшыларымен келіссөзге жауапты болды. Министр олардың Өзбекстаннан аман-есен кетіп қалуына кепілдік берді деген сөз бар. Бірақ келіссөздер нәтиже бермеді. Мамырдың 13-і түс ауа көпшілігі ішкі істер күштерінен тұратын өзбек әскері Әндіжанға барлық тараптан басып кіріп, халыққа оқ ата бастаған.

Сол сәтте көшедегі адамдардың көбі демонстранттар мен жергілікті тұрғындар еді, бірақ қарулы әскер оған мән бермеген тәрізді. Ресми мәліметтер бойынша, оқиға барысында 187 адам қаза тапқан. Алайда, куәгерлер мерт болғандар саны бұдан бірнеше есе көп болған дейді. Олардың көбі – қарусыз бейбіт тұрғындар.

Халықаралық қауымдастық Әндіжандағы қырғынды қатты сынға алып, халықаралық тергеу ұйымдастыруды талап етті. Бірақ, Ресей мен Қытайдың қолдауына сүйенген Өзбекстан бұған қарсы шығып, Батыс үкіметтерімен және ұйымдарымен арадағы байланыстарын үзді.

Закир Алматов араға бірнеше ай салып, "денсаулығына байланысты" деген сылтаумен қызметінен кетті. Ол шынымен науқастанып, шетелде ем алуға мұқтаж болды. Әндіжан қырғыны кезіндегі рөлі үшін Еуроодаққа кіруге тыйым салынғанына қарамастан, ол Германияда емделді.

Алматовтың Әндіжан оқиғасынан басқа тағы бір қырғынға қатысы бар делінеді. Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай, 1992 жылғы қаңтарда стипендияның азаюына қарсылық білдірген студенттердің Ташкенттегі бейбіт шеруін басып-жаншуға Алматов үлес қосты деген сөз бар. Ресми мәліметтер бойынша, оқиға барысында екі студент қаза тапқан. Алайда, куәгерлердің болжамынша, қақтығыстан мерт болғандар саны 200-ден көп болуы ықтимал.

ЗАКИРОВТЫҢ ОРАЛУЫ

Президент Мирзияев Өзбекстанды Каримов басқарған кездегі билікті асыра пайдалану іс-әрекеттерін жиі сынайды. Мирзияев соңғы бірер айдың ішінде Каримовтің кезінде өте ықпалды болып, лауазымды қызмет атқарған адамдарды жария түрде орнынан алды. Сол арқылы ол билік маңындағы аз ғана топтың жемқорлығымен және ашкөздігімен күрес бастағандай әсер қалдырған.

Ал енді Ішкі істер министрлігіне Закир Алматовтың қайта оралуы осы іс-әрекеттің бәрін жоққа шығаратындай.

Кейбіреулер бұл "тазарту шарасы" арқылы Мирзияев негізгі лауазымдарға жақын адамдарын қойып жатыр деп санайды. Алматов та оған жақын кадрлардың бірі саналады. Әндіжан оқиғасы кезінде Мирзияев премьер-министр қызметін атқарған. Оның үстіне, Алматовтың қайта оралуы кеткен есені қайтару сияқты болып көрінеді.

Әндіжандағы қантөгістен соң Өзбекстан үкіметі де, президент Каримов та биліктің қалада тәртіп орнату әрекеттерін сынағандардың пікірін қабылдамаған. Сонда да Алматовтың ықпалы нашарлай түскен еді.

Сол тұста Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) басшысы Рустам Иноятов Алматовтың "әлсіреуін" пайдаланып қалуға тырысқан. Ішкі істер министрлігінің құзырындағы мәселелер Иноятовтың қауіпсіздік қызметіне берілген еді. Биыл қаңтар айында Иноятов қызметінен босатылған соң бұл құзыреттер ҰҚҚ-дан Ішкі істер министрлігіне қайтарылды.

Ішкі істер министрлігі Өзбекстандағы ең ықпалды күш құрылымына айналды. Оған Алматовтың қайтып оралуы жағдайды тіпті күрделендіре түсті.

(Мақала Азаттық радиосы Өзбек қызметінің қатысуымен жазылған. Материалда айтылған пікірлер Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.)

XS
SM
MD
LG