Accessibility links

ОСК Навальный бақылаушыларын тіркеуден бас тартқан


Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный
Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный

Ресей Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары негізін қалаған "Левиафан" басылымының тіркеуі сот шешімімен жойылғаны себепті басылымға сайлауды бақылауға аккредитация бермей қойған. Бұл туралы өз сайтында жазған Навальный сот шешімі туралы оған ешкім хабар бермегенін жеткізді.

Навальныйдың сөзінше, ол "Левиафан" арқылы сайлауға 4500-ге жуық бақылаушы тіркетуді жоспарлаған. Оппозициялық саясаткер сонымен бірге ОСК "Молния" басылымына да аккредитация беруден бас тартты деп хабарлады. Сайлауға тәуелсіз бақылау жасау жөніндегі "Голос" қоғамдық ұйымы бақылаушыларын осы басылымның атынан тіркетпекші болған.

"Голос" қоғамдық ұйымының теңтөрағасы Григорий Мельконьянц "Медиазона" басылымына берген сұхбатында "Молния" атынан тіркелмек болған 850 бақылаушының аккредитациясына қатысты проблемалар барын растаған, бірақ Орталық сайлау комиссиясынан әзірше ресми жауап алмағанын айтқан.

Алексей Навальныйдың Жемқорлыққа қарсы күрес қоры құрған "Левиафан"сайты 2015 жылы БАҚ ретінде тіркеуден өткен.

Ресейде кезекті президент сайлауы наурыздың 18-іне тағайындалған.

Өткен жылы желтоқсанда ОСК Алексей Навальныйды «Кировлес» ісі бойынша сотталғандығын алға тартып, президент сайлауына кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан. Кейін Ресей Жоғарғы соты оппозиционердің ОСК шешімін заңсыз деп тану туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. Биыл қаңтарда апелляциялық инстанция бұл шешімді құптаған.

Алексей Навальныйдың өкілдері саясаткерді сайлауға қатыстырмауды заңсыз деп біледі. Навальныйдың сайлауға бойкот жариялап, сайлаушыларды қарсылық шеруіне шығуға шақырған.

XS
SM
MD
LG