Accessibility links

"Тұтқыннан қашқан" Тоқмәдидің ұсталғаны хабарланды


Бизнесмен Мұратхан Тоқмәдидің 2014 жылғы әуесқой велоспортшылар жарысындағы суреті
Бизнесмен Мұратхан Тоқмәдидің 2014 жылғы әуесқой велоспортшылар жарысындағы суреті

Бүгін қазақстандық кейбір жаңалықтар сайттары бейсенбінің кешінде Тараздағы ауруханадан "күзет астынан қашқаны" жайлы ақпарат тараған бизнесмен Мұратхан Тоқмәдидің ұсталғаны туралы хабарлады. Ішкі істер министрлігі жедел басқару орталығына сілтеме жасаған Informburo.kz және Tengrinews.kz сайттары 2004 жылы қазақстандық "ТұранӘлем банктің" басшысы Ержан Тәтішевті "тапсырыс бойынша өлтірген" деген айып бойынша сотта ісі қаралып жатқан 51 жастағы кәсіпкер Тоқмәдиді "қашып кеткеннен кейін бірнеше сағаттан соң Тараз қаласында ұсталғаны" жөнінде хабарлаған. Оқиғаның қалай өрбігені жайлы өзге мәлімет берілмеген.

Кеше кешке қазақстандық кей басылымдар Тараздағы облыстық ауруханаға күзетпен жеткізілген Мұратхан Тоқмәдидің қашып кеткені туралы ақпарат таратқан. Бұдан кейін әлеуметтік желілерде маңайы қоршауға алынған облыстық ауруханада "тергеу амалдары жүргізіліп", полиция қаладан шыққан барлық көліктерді тексеріп жатқаны туралы ақпарат пайда болған. Мессенджерлерде Тоқмәдиге іздеу салынатыны туралы "полиция таратты" деп сипатталған бірнеше бағыттама нұсқалары тараған. Алайда Қазақстан ішкі істер министрлігі бейсенбі күні Тоқмәдиге қатысты сыбыстарды я растамады, я терістемеді.

Күш құрылымдары "Казстройстекло" зауытының иесі Мұратхан Тоқмәдиді "бизнес-әріптесінен ақша бопсалаған" деген айыппен былтыр жазда Алматыда тұтқындаған. Кейін ол "бопсалау" және "заңсыз қару сақтау" қылмыстарына айыпты деп танылып, ​үш жылға сотталған. Туыстары бизнесменге қысым жасалғаны туралы мәлімдеген.

2017 жылғы қазанның 24-інде республикалық телеарнадан көрсетілген "Звали его Мурка" фильмінде тұтқында отырған Тоқмәди 13 жыл бұрын "банкир Мұхтар Әблязовтің тапсырысы бойынша Ержан Тәтішевті өлтіргенін" айтқан. Тәтішевтің қазасына байланысты Мұратхан Тоқмәди 2007 жылы да сотқа тартылған кезде сот банкирдің өлімін "аң аулап жүргенде болған жазатайым жағдай" деп таныған еді.

Тәтішевтің қазасынан кейін банк басшылығына келген, ал 2009 жылы банкті мемлекет қарамағына алғаннан кейін шетелге кетіп қалған, өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси себеппен қуғындап жатыр деп санайтын оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол Тәтішевтің өліміне қатысты соңғы айыптауды "Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тапсырысы" деп санайды.

XS
SM
MD
LG