Accessibility links

Лондонда Березовскийдің серігі Глушковтың өлі денесі табылды


Бизнесмен, Николай Глушков.
Бизнесмен, Николай Глушков.

Британ полициясы Лондонда бизнесмен Николай Глушков қазасының мән-жайын тексеріп жатыр. Бұрын ресейлік олигарх, жұмбақ жағдайда көз жұмған Борис Березовскийдің жақын серігі болған Глушковтің өлі денесін қызы Наталья 12 наурыз күні түнде оның Лондонның Кингстон ауданындағы үйінен тапқан. Жедел жәрдем дәрігерлері бизнесменнің өлімі жайлы полицияға 13 наурыз күні күндіз хабарлаған. Глушковтың қызы 68 жастағы әкесінің мойнында буындырғаннан түскен із барын айтады. Дегенмен, бизнесменді "буындырып өлтірген" деп кесіп айтуға әзірге толық негіз жоқ. Әзірге бұл ақпарат өзге дереккөзінен расталмай отыр.

Полиция таратқан мәлімдемеде бұл оқиға бойынша іс Лондон полициясының контртеррорлық бөлімінің қарауына берілгені айтылады. Бұл бөлім бизнесмен қазасын "белгісіз жағдайда көз жұму" деп қарастырып отыр. Мәлімдемеде әзірге Николай Глушковтің өлімі мен Ресей Бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы агенті Сергей Скрипальді және қызын өлтіру әрекеті арасында ешқандай байланыс анықталмағаны айтылады.

2004 жылы Мәскеудің Савелов аудандық соты Глушковқа "қызмет бабын теріс пайдалану" және "қашып кету" айыбы бойынша үкім шығарып, сот залынан босатқан. Сот одан "Аэрофлот" компаниясы бас директорының орынбасары болып тұрғанында "алаяқтық жасады" және "қаржы жымқырды" деген айыпты алып тастап, үш жыл үш айға соттаған. Бірақ Глушков тергеу абақтысында осынша уақыт отырғандықтан сот залынан босатылған. Бостандыққа шыққан соң Глушков Березовскийдің жәрдемімен Ұлыбританияға жасырынып, 2010 жылы саяси баспана алған. 2017 жылы наурызда Мәскеуде Глушковтың ісі қайта қаралып, оған "алаяқтық жасады" және "122 миллион доллар қаржыны жымқырды" деген айып тағылған. Сот оны осы айыптар бойынша сырттай сегіз жылға соттаған.

Глушков Лондонда өзімен өзі, тұйық өмір кешті, саяси немесе іскерлік белсенділік танытпады.

2013 жылы сәуірде Николай Глушков Азаттықтың Орыс редакциясына (Радио Свобода) берген сұхбатында "Березовский өзіне қол салды" деген тұжырыммға сенбейтінін мәлімдеген. Айтуынша, Березовский оны Ресейден шығару үшін өз активтерін сатқан. Глушков Радио Свободаға Березовский өзін босатып алу үшін "Первый канал" телеарнасындағы акциясының бақылау пакетін Ресей билігіне беріп, өзіне тиесілі "Коммерсантъ" газетін сатқанын айтқан.

Глушковтың сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин "БАҚ-ты Борис Березовскийдің бақылауынан босатуға" шақырған. Глушков ол кезде "Ресей билігі Березовскийге қысым жасау үшін өзін әдейі кепілге алды" дегенді меңзеген еді.

XS
SM
MD
LG