Accessibility links

Мұратхан Тоқмәдиге үкім шықты


ҰҚК таратқан "қамаудағы кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиді ұстау" видеосынан скриншот
ҰҚК таратқан "қамаудағы кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиді ұстау" видеосынан скриншот

Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі соты түрмеде жазасын өтеп жатқан кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиді бұрынғы "ТұранӘлем Банк" жетекшісі Ержан Тәтішевті "тапсырыс бойынша атып өлтіргені" үшін айыпты деп танып, 10 жыл 6 айға бас еркіндігінен айыруға үкім етті.

Наурыздың 16-сы күні Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 51 жастағы бизнесмен Мұратхан Тоқмәдиді 10 жыл алты айға бас еркіндігінен айыруға үкім шығарды. Сот оны 2004 жылы бұрынғы "ТұранӘлем Банк" жетекшісі Ержан Тәтішевті тапсырыс бойынша атып өлтіргені үшін айыпты деп таныды. Сот үкіміне сәйкес, Тоқмәди жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады.

Судья сот үкіміне 15 күн ішінде шағымдануға болатыны туралы хабарлаған.

Биыл ақпанда Тараз қаласында басталған Тоқмәдидің ісі бойынша сот процесі жабық өтті. Жергілікті ақпарат агенттіктері сот үкімін жариялаған кезде ғана журналистердің қатысуына рұқсат еткені туралы хабарлады.

Бұған дейін сот процесі кезінде өзіне тағылған айыпты мойындайтыны туралы мәлімдеген Мұратхан Тоқмәдиге прокурор 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған.

Мұратхан Тоқмәди өзіне тағылған айыптармен "келісетінін" мәлімдеп, "кәмелетке толмаған балалары барын және процессуалдық келісім жасасқанын" ескеруді сұрап, соттан өзіне жеңіл жаза тағайындауды өтінген.

Осы аптаның басында сот мемлекеттік айыптаушының Тоқмәди ісі бойынша куәгер ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы, "қаржы жымқыру және жылыстату" айыбы бойынша 12 жылға және "мемлекеттік құпияны жариялау" ісі бойынша жеті жылға сотталған Нартай Дүтбаевтан жауап алу туралы өтінішін қанағаттандырғаны жайлы хабарланған.

Сол күні Астанадан видеобайланыс арқылы сотқа берген жауабында Нұртай Дүтбаев 2004 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарып тұрған кезде "Тәтішевтің телефонын бақылауға қойғызып, оның жүріп-тұрысы жайлы ақпаратты Әблязовқа бергізгені, бірақ бұл мәліметтердің Тәтішевті өлтіру үшін пайдаланылғанын білмегені" туралы айтқан деп хабарлады жергілікті басылымдар.

Наурыздың 8-і күні кешке Мұратхан Тоқмәдидің "Жамбыл облыстық ауруханасынан қашып кеткені" хабарланған еді. 9 наурыз күні ҰҚК Тоқмадидің ұсталғанын мәлімдеп, қамаудағы бизнесменнің қысқа сөзі жазылған видео жариялаған. Кейін сотта судьяның "қамаудан неге қашқаны" жайлы сұрағына Мұратхан Тоқмәди жауап бермеген.

Оқи отырыңыз: Тоқмәдиді қуған ҰҚК

ҚАЙТА ҚОЗҒАЛҒАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

2004 жылы желтоқсанда аңға шыққанда мерт болған Ержан Тәтішевтің қазасынан кейін "ТұранӘлем" банкі басшылығы қайғылы оқиғаның саяси астары жоқ әрі бәсекелестік тартыстың кесірі деп санамайтындарын мәлімдеген. Ребрендингтен кейін БТА банк деп атала бастаған қаржы институты біраздан соң Тәтішевтің бизнес-серігі Мұхтар Әблязовтің бақылауына өтіп, ол банкті 2009 жылы мемлекет меншігіне алғанға дейін басқарған.

"Казстройстекло" компаниясының бұрынғы иесі Мұратхан Тоқмадиді былтыр қазанда Алматы соты 2000 жылдардың басында бопсалаумен айналысқан және заңсыз қару сақтаған деп айыптап, үш жылға соттаған.

Оның алдында билік бизнесменнің прокурормен "кінәсін мойындайтыны туралы" процессуалдық келісім жасасқанын мәлімдеген. 2017 жылы 12 маусымда Алматыда арнайы құрылымдардың операциясы кезінде ұсталған бизнесменнің туыстары мен жақтастары бұл айыптарды "ойдан құрастырылған айыптар" деп атаған.

Өткен жылы күзде түрмеде жазасын өтеп жатқан Мұратхан Тоқмәдидің 2004 жылы жасалған "тапсырыспен адам өлтіру" қылмысын мойнына алғаны туралы ақпарат тараған. Республикалық телеарна эфирінен берілген фильмде Тоқмәди Тәтішевтің қазасы "қасақана жасалған қылмыс екенін мойындайтыны" туралы мәлімдеме жасаған. Кейін Қазақстан билігі "байқаусызда адам өлтіріп алу" туралы іс бойынша шығарылған бұрынғы үкімнің күшін жойып, жаңадан тергеу бастаған.

Көп ұзамай Мұратхан Тоқмадиге тапсырыс бойынша қасақана кісі өлтіру айыбы тағылған.​

Оқи отырыңыз: Тәтішевті "тапсырыспен өлтіру" ісін "тапсырыс" деп санайды

НЫСАНАДА ӘБЛЯЗОВ ПА?

Тергеу болжамы бойынша, Тоқмәдиге адам өлтіруге тапсырысты Тәтішев қазаға ұшыраған соң бірнеше айдан кейін "ТұранӘлем банк" басшылығына келген Мұхтар Әблязов берген делінеді. 2009 жылы БТА банкті (бұрынғы "ТұранӘлем банк") мемлекет қарамағына алған кезде шетелге кетіп қалған оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов бұл айыптауларды "шылғи өтірік" деп атап жоққа шығарады және өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси себеппен қуғындап жатыр деп санайды. Әблязов өзін "банктен миллиардтаған доллар ұрлаған" деп сырттай 20 жылға соттаған Қазақстан билігінің таққан айыбын да теріске шығарып, президент Назарбаевты үнемі сынап келеді.

Мұхтар Әблязов билік өзін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын құратынын жариялағаны үшін қудалауға салып жатыр деген пікірде. Ол өз бастамасына әлеуметтік желілерде "он мыңдаған адам қолдау білдіріп, саяси күшке айналып келе жатқанынан" билік қауіп көріп отыр деп санайды.

Наурыздың 13-і күні Астанадағы Есіл аудандық соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын экстремистік ұйым деп тану және Қазақстанда оның қызметіне тыйым салуды сұраған прокуратураның өтінішін қанағаттандырды. Бұдан кейін аталған қозғалысқа қолдау білдірген деген күдікпен бірнеше адамды полицияға шақыртып, жауап алғаны туралы ақпарат тарады.

Бұған дейін Тоқмәдидің ісіне байланысты Азаттыққа пікір білдірген кей сарапшылар Ержан Тәтішевтің қазасына қатысты қылмыстық істі қайта қозғаудың астарында сот үкімінен кейін Мұхтар Әблязовқа жаңа айып тағуды көздейтін саяси себеп жатуы мүмкін деген болжам айтқан еді.

XS
SM
MD
LG