Accessibility links

Алматыда "ҚДТ-ны қолдаған" әйел үйқамаққа алынды


Алматылық тұрғын Ақмарал Тобылова.
Алматылық тұрғын Ақмарал Тобылова.

Алматының Алмалы аудандық соты 15 наурызда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қаржылай қолдау көрсетті деген айыппен Ақмарал Тобылова есімді әйелді үйқамаққа алды. Бұл жайында Азаттыққа әйелдің туысы Нұрбол Тобылов пен Адам құқығы бойынша халықаралық бюроның бақылаушысы Дмитрий Тихонов айтты.

1990 жылы туған Ақмарал Тобыловаға Қылмыстық кодекстің 266-бабының 1-бөлімі, яғни “Қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлiктi сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзiрлеу” бабы бойынша айып тағылып отыр. Ақмарал Тобылованың туыстарының айтуынша, бүгінгі сот процесінде адвокат Ақмаралды үйқамаққа шығаруға өтініш жасаған. Бірнеше күннен бері қамауда отырған Ақмаралдың аяғы ауыр. Сондықтан туыстары оның денсаулығына алаңдайды.

Ақмаралды полиция 13 наурыз күні қамауға алған. Ақмарал мен оның туыстарының үйлеріне тінту жасап, ұялы телефон, ноутбук сияқты заттарды тәркілеп алып кеткен.

Ақмаралдың туыстары оның ҚДТ белсендісі емес екенін, заңға қайшы ешқандай әрекет жасамағанын айтады. “Ол интернеттен видео ғана көріп, ақпараттармен танысқан, бары сол” дейді Нұртай Тобылов.

Ақмарал Тобылованың туыстары Ақмаралмен бірге тағы екі азаматтың да ұсталғанын, бүгінгі сотта оларға да бұлтартпау шарасы тағайындалуы мүмкін екенін айтады. Бірақ ол азаматтардың туысы деген кісілер Азаттыққа ақпарат беруден бас тартты. Азаттық тішісіне Алмалы аудандық сотынан Ақмарал Тобыловаға және тағы екі азаматқа қатысты ақпарат алу мүмкін болмады.

Қазақстан билігі осы аптада Астана соты шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салынғанын жариялаған.

Қазақстан бас прокуратурасы 13 наурызда Қазақстанның бірнеше өңірінде ҚДТ белсенділеріне қатысты іс қозғалғанын хабарлаған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG