Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған, тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы экстремистік ұйым деп танылды деп мәлімдеді Қазақстан Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана Лоскутова.
Астанада өткен брифингте Лоскутова Әблязовтің Қазақстанның "конституциялық құрылымын күштеп өзгертуді насихаттайтынын» айтты.
"Бас прокуратура "Қазақстанның демократиялық таңдауы" тіркелмеген қозғалысының қызметін заңсыз деп тұжырды. Оны құрған Мұхтар Әблязов Қазақстанда 20 жылға сотталған... Әблязов Қазақстан сотынан қашып, Қазақстан Конституциясының күшпен конституциялық құрылым құруды насихаттауға тыйым салатын талабын бұзып, шетелде заңға қайшы әрекетін жалғастырып жатыр" деді Оксана Лоскутова.
Оның сөзінше, Әблязов әлеуметтік желілерде қазақстандықтарды ҚДТ-ға қосылуға белсенді түрде нассихаттайды. Бас прокуратура осыған байланысты соттан бұл қозғалысты экстремистік ұйым деп тануды сұраған. Астананың Есіл аудандық соты 13 наурызда прокуратураның сұрауын мақұлдайтын шешім шығарған.
Сот ҚДТ-ны экстремистік ұйым деп танып, Қазақстан аумағында жұмыс істеуіне, оның ішінде ақпарат құралдарын, телекоммуникациялық, әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы ақпараттық материалын таратуына тыйым салған. Сонымен қатар, ҚДТ идеяларын кез-келген формада таратуға, әлеуметтік желідегі жазбалары мен материалдарын бөлісуге тыйым салынады.
Былтыр сәуірде шетелде тұратын бірнеше қазақстандық белсенді, оның ішінде Мұхтар Әблязов жалпыазаматтық "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын құрғанын мәлімдеген.
Әлеуметтік желіде тараған видеода "қозғалыстың" құрылғаны жайлы бұрынғы банкир, шетелде қуғында жүрген оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов пен бірнеше белсенді сөйлейді. Видеомен бірге "қозғалыстың" мақсат-міндеттері жазылған қысқа мәтін де таралған.
Қозғалысты құрғандар "Біз Қазақстанның саясаты мен экономикасын түбегейлі өзгертуіміз қажет. Біз парламенттік республика орнатуымыз керек және заңды әділ сайлау жүйесі арқылы халық сайлаған депутаттар қабылдауы тиіс" деген.
Қозғалысты құрушылар "Бір адамға ғана қызмет жасайтын емес, керісінше халық алдында есеп беретін және халық үшін жұмыс істейтін үкіметі бар Республика құрамыз. Біз экономикамызды әртараптандырып, дүние жүзі экономикасына тек шикізат беруші ел болудан құтылуымыз керек" деген мақсаттарын жарияланған. Мұхтар Әблязов қозғалыс жұмысын әлеуметтік желілерде үйлестіріп, насихаттайды. Ол әлеуметтік желілерде жиі тікелей эфирге шығып, Қазақстан билігінің атына сын айтып жүр. Қозғалыс алғаш құрылып, Әблязов Facebook-те тікелей эфирге шыққан уақытта әлеуметтік желі дұрыс жұмыс істемей қалатын.
Бірер күн бұрын Әблязов әлеуметтік желілерде "ҚДТ қатарына қосылғандар саны 80 мың адамға жеткенін" хабарлаған.
Алматы соты 2017 жылы 7 маусымда БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовті сырттай 20 жылға соттаған. Сот Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету", "БТА банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "өкілеттіктерін теріс пайдалану" баптары бойынша айыптаған.
Видео: Әблязов ҚДТ-ны қайта құрды (3 мамыр 2017 жыл)