Accessibility links

Ақтөбе облысында автобуста оқ тиген адам - Ресей азаматы


Mercedes Benz маркалы шағын автобус
Mercedes Benz маркалы шағын автобус

Қырғызстан ішкі істер министрлігі Қазақстанның Ақтөбе облысында қырғызстандық автобусқа қарудан оқ атқанда жараланған адам, алдын ала мәлімет бойынша, Ресей азаматы деп хабарлады. Министрлік ақпаратында автобусқа шабуыл жасағандар әлгі адамды тонап, ақшасын, алтын бұйымдары мен құжаттарын алып кеткені айтылған.

Қырғызстан ІІМ-нің мәліметінше, оқиға жүргізуші автобусты Ақтөбе қаласының іргесіндегі Ақшат ауылына жақын жерде жол шетіне қаңтарып, серігімен бірге Ақтөбеге кетіп қалған кезде, сәуірдің 6-сына қараған түнде, сағат бірдің шамасында болған. Автобус салонында қалған жолаушы (алдын ала дерек бойынша, Тәжікстанда туған және сол елге тойға бара жатқан Ресей азаматы) сәлден кейін жүргізушіге телефон шалып, өзіне оқ тиіп, жараланғаны туралы хабарлаған.

"Қаскүнемдердің заңсыз іс-әрекеті салдарынан Қырғызстан азаматының мүлкіне де зиян келген. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр", - деп хабарлайды Қырғызстан ІІМ.


Бұған дейін Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті жұмаға қараған түні Ақшат ауылы маңында қырғызстандық тіркеу нөмері бар Mercedes Benz маркалы автобусқа белгісіз біреулер қарулы шабуыл жасағаны туралы хабарлаған. Облыстық ІІД бұл оқиға бойынша тергеу амалдарын бастаған.

Ақтөбе облысы арқылы өтетін Шымкент – Самара бағытындағы жолмен күн сайын жүздеген автокөлік және автобус Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан Ресейге және кері бағытта қатынайды.

XS
SM
MD
LG