Accessibility links

Ресей дәрігерлері березовкалық екі балаға диагноз қойды


Crude Accountability халықаралық экологиялық құқық қорғау ұйымының мүшесі Сергей Соляник (сол жақта) пен құқық қорғаушы Евгений Жовтис баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 24 сәуір 2018 жыл.
Crude Accountability халықаралық экологиялық құқық қорғау ұйымының мүшесі Сергей Соляник (сол жақта) пен құқық қорғаушы Евгений Жовтис баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 24 сәуір 2018 жыл.

Батыс Қазақстан облысының Березовка ауылында 2014 жылдан бері белгісіз жағдайда есінен танып құлап қалатын ауруға тап болған екі балаға ресейлік дәрігерлер "мидың токсиннен улануы" деген диагноз қойды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл жайында Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Crude Accountability халықаралық экологиялық құқық қорғау ұйымының өкілі әрі "Балалар, әлде мұнай?" коалициясының үйлестірушісі Сергей Соляник пен құқық қорғаушы Евгений Жовтис мәлімдеді.

Сергей Соляниктің сөзінше, Березовкада зардап шеккен Альбина Ысқақова мен Алина Құсманғалиева наурыз айында Мәскеудегі Семашко атындағы балалар диагностикасы және емдеу орталығында тексеруден өткен. "Қазақстан ауруханаларында үш жылдан бері улануға қатысты ешбір диагноз қоймаған. Билік пен компанияның үнсіздігіне қарамастан, бір жыл бұрын оларды емдетуге қаржы жинау кампаниясы басталды. Осы жылдың наурызында екі бала Мәскеуге барып, толықтай қаралды. Оларға “мидың токсиннен улануы” деген диагноз қойылды. Балалардың токсиннен уланғанын дәлелдейтін айғақ бар" деді Соляник.

2014 жылғы қарашада Березовка кентінде 26 оқушы уланып, балалар жиі талып қалатын болған. Ресми дерекке сәйкес, балалардың жаппай талуына мектептің жылу қазандығынан бөлінген газ себеп болған. Зардап шеккен балалардың ата-аналары жаппай улану себебін ауыл іргесіндегі табиғи газ өндіретін Қарашығанақ кенішінен тараған улы газбен байланыстырады. Қадағалау органдары газды рұқсатсыз жаққаны үшін кенішті игеруші ҚПО халықаралық консорциумына 10 миллиард теңгеге жуық айыппұл салған. ҚПО басшылығы кеніш жұмысының улануға қатысы жоқ деп мәлімдегенімен, Березовка тұрғындарын көшіруге ақша бөліп жатыр. 2015 жылғы желтоқсанда ішінде зардап шеккен балалары бар 82 отбасы Қарашығанақ кеніші "өндірісін ұлғайтуға байланысты" Березовка ауылынан Ақсай қаласына көшірілген. Бірақ ата-аналар балаларының әлі талып қалатынын айтады.

Сергей Соляник мәскеулік дәрігерлер балалар кем дегенде бес жыл тұрақты емделуі тиіс, осын жыл сайын қаралып тұруы керек деп кеңес бергенін айтты.

Оның сөзінше, балалардың улануына қатысты жауапкершілікті ешкім мойнына алмай отыр, ал Қазақстандағы тәуелсіз деген сараптаманың өзі “Қарашығанақ Петролеум” компаниясының қаржысына жасалған. "25 бала көшіп кеткенімен, ешбір өтемақы алмаған. Сондықтан мұны “Қарашығанақ Петролеум” компаниясының қызметімен байланысты деп айтуға болады" деді Сергей Соляник.

Ал Евгений Жовтис Қазақстан билігі үш жылдан бері балалардың улануына қатысты тиісті реакция танытпағанын мәлімдеді. "Компаниялар жоққа шығарғанымен, билік жауап беруі керек еді. Билік қылмыстық істі дұрыс қарамады, балаларды дұрыс емдемеді. Олар Бас прокуратураға іске назар аударуды сұрап xат жазған. Билік ірі компаниядан түсетін салықты сақтауға тырысып жатыр, я қандай да бір мүддені қорғап жатыр. Бас прокуратураға да, адам құқықтары, бала құқықтары жөніндегі уәкілге де бірнеше рет реакция танытуын сұрадық. Бір де бір рет лайықты назар аударылған жоқ" деді құқық қорғаушы.

Жовтис қолдарында балалардың уланғанына айғағы - яғни, мәскеулік дәрігерлер берген тексеру қорытындысы барын, енді істі "осңына дейін жеткізетіндерін" айтты.

ВИДЕО: Березовкадағы түсініксіз дертке ұшыраған балалар туралы Азаттық түсірген деректі фильм (10.03.2016)

Зәрлі шындық
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:16:28 0:00

XS
SM
MD
LG