Мамырдың 5-і күні кешке Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған жергілікті белсенді Ардақ Әшім облыстық соттың қаулысымен туыстарының қарауына берілді. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің қызы Айнұр Әшім хабарлады.
Оның айтуынша, сенбі күні облыстық апелляциялық сот алқасы Абай аудандық сотының судьясы Сержан Айнабековтің Ардақ Әшімді жүйке дерті ауруханасына мәжбүрлеп жатқызу мерзімін бір айға ұзарту туралы сәуірдің 27-інде шығарған қаулысын бұзып, белсендіні туыстарына беру туралы шешім қабылдаған.
"Осыған дейін сотқа түсірген шағымымыздың бәрі қанағаттандырылмай қалғандықтан ба, алғашында облыстық соттың анамды өзімізге беру туралы шығарған қаулысына сенбедік. Аурухана дәрігерлері "анаңызды алып кетіңіз" деп хабарласқанда ғана шын қуандық. Қазір анамызды үйге алып келдік", - деді Айнұр Әшім.
Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Ардақ Әшім: "Денсаулығым жақсы. Аздап шаршап тұрмын" деді.
Бұған дейін Абай аудандық соты Ардақ Әшімді жүйке аурулары диспансерінде мәжбүрлеп емдеу мерзімін тағы бір айға ұзарту туралы облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасы тергеушісі Бақытжан Сыдықовтың өтінішін қанағаттандырған. Ардақ Әшімнің туыстары бұл қаулымен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген.
Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртумен барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған. Абай аудандық соты Ардақ Әшімді жүйке аурулары диспансеріне жатқызу туралы қаулыны наурыздың 27-інде шығарған. Белсендінің туыстары сот шешіміне апелляциялық шағым түсіргенімен облыстық сот шағымды қанағаттандырмаған болатын.
Оқи отырыңыз: Белсендіні жүйке дерті ауруханасында күштеп "емдеп" жатыр
Бұған дейін Абай аудандық соты Ардақ Әшімнің Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жариялағаны анықталғанын", осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғаны жөнінде хабарлаған.
Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Ардақ Әшімді "ар-ождан тұтқыны" деп танып, Қазақстан билігін еркінен тыс емдеуге жатқызылған белсендіні ауруханадан шығарып, оған қатысты істерді тоқтатуға шақырған.