Accessibility links

Белсендіні жүйке дерті ауруханасында күштеп "емдеп" жатыр


Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл
Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл

Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулары диспансеріне сот қаулысымен еркінен тыс бір айға жатқызылған шымкенттік белсенді Ардақ Әшімнің туыстары апелляциялық шағым түсіріп, белсендінің ісін қарап жатқан тергеушіні сотқа берді.

АУРУХАНАҒА МӘЖБҮРЛЕП ЖАТҚЫЗУ

Facebook әлеуметтік желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жариялағаны" үшін тергеу орындары Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша үстінен іс қозғаған шымкенттік белсенді Ардақ Әшім наурыздың 31-інен бері облыстық жүйке аурулары диспансерінде жатыр. Қызы Айнұр Әшім анасына күніне екі-үш мезгіл ас-су апарып, жағдайын біліп қайтады. Ол анасын "жүйке жүйесі дертіне шалдыққан" дегенге сенбейтінін айтады.

- Біз барғанша шөлдесе суды шүмектен өзі алып ішеді. Анамды жүйке аурулары диспансеріне жатқызуға негіз жоқ. Жоғары білімді. Қоғамда белсенді, кез-келген мәселеде пікірін ашық айтады. Бар айыбы – осы. Анам жүйке дертімен ауырмайтынын дәлелдей алады. Мысалы, 2008 жылы жүргізуші куәлігін алды. Әлі күнге дейін көлікті өзі жүргізеді. 2007 жылы әпкесінің 10 жастағы қызын қамқорлығына алып, кәмелет жасқа толғанша заңды өкілі болды. Егер жүйке жүйесі ауыратын адам ретінде тіркеуде тұрған болса, көлік жүргізуге де, бала асырап алуға да рұқсат бермейтін еді, - дейді ол.

Белсенді Ардақ Әшім мәжбүрлеп жатқызылған Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулары диспансері. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл
Белсенді Ардақ Әшім мәжбүрлеп жатқызылған Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулары диспансері. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл

Қызының сөзінше, Ардақ Әшімнің үстінен Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы сотқа арыз түсірген. Наурыздың 27-сі күні шыққан сот қаулысында Ардақ Әшімге қатысты наурыздың 20-сы күні жасалған сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша белсендінің "2015 жылдан бері психикалық дертпен ауыратыны анықталғаны" туралы айтылған дейді Айнұр Әшім.

Ардақ Әшімнің туыстары белсендіні жүйке аурулары диспансеріне мәжбүрлеп жатқызу туралы сот қаулысымен келіспей апелляциялық шағым түсірген. Олар наурыздың 27-сі күні өтіп кеткен сот туралы тек бірнеше күннен кейін ғана білгендерін айтады.

Егер жүйке жүйесі ауыратын адам ретінде тіркеуде тұрған болса, көлік жүргізуге де, бала асырап алуға да рұқсат бермейтін еді

- Облыстық ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы анамды жүйке аурулары диспансеріне жатқызылғаны туралы хабарды әкем Әбен Әшімовке наурыздың 31-і күні айтқан. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы негізінде істің сотта қаралатыны туралы бізге айтылмады. Жүйке аурулары диспансеріне бір айға мәжбүрлі түрдеу емдеуге жатқызу туралы сот қаулысымен келіспей сәуірдің 5-і күні апелляциялық шағым түсірдік. Заң шеңберінде әрекет етіп, тиісті құқықтарымыздың бәрін талап етеміз. Анамды заңсыз ауруханаға жатқызуға қатысқан әрбір азаматтың үстінен арыз береміз, - дейді белсендінің қызы Айнұр Әшім.

Ардақ Әшімнің туыстары ауруханаға мәжбүрлеп жатқызылған белсендінің ісін тергеген тергеуші Бақытжан Сыздықовты сотқа берген. Айнұрдың айтуынша, Абай аудандық сотында өткен отырыста тергеуші Сыздықов Ардақ Әшімнің заңды күйеуі мен қызы бар екенін біле тұра белсендіге еш жақындығы жоқ Багира Тайырбекованы қорғаушы өкіл ретінде қатыстырған.

"Тергеуші менің және туыстарымның құқығын өрескел бұзғаны үшін оның үстінен арыздандық" дейді Айнұр Әшім. Шағымға қатысты сәуірдің 10-ы күні жабық өткен алғашқы сот отырысына Айнұр Әшім, тергеуші Бақытжан Сыздықов, судья және прокурор ғана қатысқан. Келесі отырыс сәуірдің 12-сіне белгіленді.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова Азаттыққа "тергеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, істің құпиялығы үшін Ардақ Әшімнің ісіне қатысты ешқандай ақпарат берілмейді" деп мәлімдеді.

"АУРУХАНА ТАМАҒЫН ІШУДЕН БАС ТАРТТЫ"

Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулары диспансері бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Шавкат Миранов осы мекемеге мәжбүрлі түрде жатқызылған Ардақ Әшіммен тек туысқандары ғана кездесе алады дейді.

- Ардақ Әшімнің жағдайы қалыпты. Ауруханаға келгелі ешқандай дәрі-дәрмек ішпеді. Керек десеңіз, дәрумендердің өзін ішпей отыр. Аурухананың тамағын да ішіп жатқан жоқ. Тек үйден әкелген тамақты кездесу бөлмесінде туысқандарының көзінше ішеді, - деді дәрігер.

Сонымен бірге Шавкат Миранов белсенді Ардақ Әшімнің бұған дейін жүйке ауруымен ауыратындар есебінде тұрғаны, я тұрмағаны туралы ақпарат тек оның заңды өкіліне ғана берілетінін айтты.

"ӨЗ СОТЫНАН ӨЗІ ХАБАРСЫЗ ҚАЛҒАН"

Республикалық "Жемқорлықққа қарсы халықтық комитет" қоғамдық қорының Оңтүстік Қазақстан облысындағы өкілі Жаңабек Әбішев осы қордың мүшесі, әлеуметтік желіде жер мәселесі мен мұғалімдерді міндетінен тыс жұмыстарға жегу мәселесін көтеріп, әлеуметтік теңсіздікті жазған Ардақ Әшім қоғамдық белсенділігі үшін "қудалауға түсті" деп біледі.

- Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы заңды болса тергеуші Ардақ Әшімнің заңды өкілдерін неге сот отырысына шақырмады? Біздіңше, бұл істе "арнайы медициналық орталыққа мәжбүрлеп жатқызуға" қатысты заң талабы бұзылған. Ардақ Әшімді жүйке дерті ауруханасына жатқызудың астарында халықты қорқыту мақсаты жатыр. Ол ұстаздар құқығын қорғап, міндетінен тыс жұмысқа жегілген мұғалім Гүлжан Сәлімбаеваның сотын толықтай Facebook желісінде жариялап отырды. Бұл тек Оңтүстік Қазақстан облысындағы мұғалімдерді ғана емес, көрші облыстардың мұғалімдеріне қозғау салды. Оны сот отырысына қатысу үшін әр облыстан келген мұғалімдерден де көруге болады, - дейді ол.


Қазақстандық адам құқықтарын қорғау мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы директоры Әділ Сейітқазиевтың сөзінше, Ардақ Әшімнің өз-өзін қорғау құқығы шектелген.

- Тергеушілердің сот-психиатриялық сараптама жүргізуге не түрткі болғаны белгісіз. Ардақ Әшімді жүйке дерті ауруханасына жатқызу туралы шешім шығарған сот отырысына белсендінің өзі, қорғаушысы мен заңды өкілдері қатыспаған. Яғни, өз сотынан өзі хабарсыз қалған. Өзін-өзі қорғау құқығы бұзылған, - дейді Әділ Сейітқазиев.

Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні ОҚО ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған. Сол күні ауруханада оған жолыққан Азаттық тілшісіне белсенді өзін жүйке аурулары диспансеріне жатқызу туралы сот қаулысы қашан шыққанын білмейтінін мәлімдеген.

Полиция тінту жүргізген белсенді Ардақ Әшімнің үйі. Шымкент, 15 наурыз 2018 жыл
Полиция тінту жүргізген белсенді Ардақ Әшімнің үйі. Шымкент, 15 наурыз 2018 жыл

Наурыздың басында полиция қызметкерлері Ардақ Әшімнің Шымкенттегі үйіне тінту жүргізгеннен кейін оны ОҚО ішкі істер департаментіне апарған. Белсендінің айтуынша, тергеушілер одан Қазақстанда қызметіне тыйым салынған оппозициялық "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қаншалықты қатысы барын сұраған және одан наурыздың 21-і мен 24-і аралығында ешқайда шықпау туралы қолхат алған соң босатқан. Ардақ Әшімнің үстінен Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жариялағаны" үшін Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша іс қозғалған. Бұл іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр.

XS
SM
MD
LG