Наурыздың 16-сы күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде бірнеше адам жергілікті прокуратура тарапынан қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязов құрған ұйымды қолдамау туралы ескерту қағазын алған.
Олардың арасында алматылық құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина, атыраулық белсенді Әлібек Мұсаұлы, оралдық белсенді Асқар Шайғұмаров, алматылық белсенділер Жасарал Қуанышәлин, Құрал Медеуов пен Ғалым Ағелеуов бар.
“БҰЛ ЖОЛҒЫ ҚЫСЫМ ӨЗГЕШЕ”
Алматылық белсенді Құрал Медеуовтың айтуынша, наурыздың 16-сі күні таңертең тоғыз шамасында полицейлер үйіне келіп, учаскеге алып кеткен. Ұйымды қолдамау туралы ескерту қағазын беріп, түсініктеме жаздыртқан. Полицейлер оған тіпті ұйымның әлеуметтік желідегі постын қайталап басудың өзі қылмыс болып саналатынын баса айтқан.
-Түсініктеме жазыңыз. Әйтпесе осы жерден қамаласыз деп айтты. Сонымен түсініктеме жазып шықтым сол жерден. Бірақ бүгінгі қысым басқаша. Бұған дейін талай рет қамалдық қой. Азғантай сөйлесіп жіберуші еді. Сол жерде (полиция бөлімшесінде - ред.) барлығы жүр. Кәдімгідей кірісіп кеткен. Прокуратура қызметкерлері, ішкі істер қызметкерлерлерінің бәрі жүр. Түрлері бұрынғыдан басқаша. Тура үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кеткендей әсер қалдырады екен, - дейді ол.
Полицияға шақыртылған кейбір азаматтар ұйым белсендісі емес екендіктерін, "бір ғана лайкқа бола" қудаланып жатқанын айтады.
Наурыздың 16-сы күні Астанада полицияға шақыртылған Майгүл Садықова кешке қарай полициядан шыққан соң Facebook-тегі парақшасында “Наурызда көк шарлармен шығуға тыйым салды. Не деген ақымақтық” деп жазды.
Бұған дейін ол Телеграмдағы "ҚДТ Астана" тобының жұмысына қатысты қозғалған іс бойынша тергеуге шақыртылған. Садықованың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған шақыру қағазында ҚДТ қозғалысының әлеуметтік араздық қоздырып, теріс пиғылдағы материалдар таратқаны туралы жазылған.
Мұндай қудалау бас прокуратура мәлімдемесі шықпай жатып та басталған. Наурыздың 13-і күні Алматы полициясы "экстремистік ұйымды қаржыландырды" (Қылмыстық кодекстің 266-бап, 1-бөлім) деген күдікпен алматылық үш азаматтың үйін тінтіп, өздерін қамауға алған. Наурыздың 15-і күні Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында оларға жаза түрін қолдану ісі қаралды. Күдіктілердің бірі Ақмарал Тобылованы сот денсаулығына байланысты үйқамаққа ауыстырды.
Қалған екі азаматтың туыстары журналистермен, құқық қорғаушылармен сөйлесуден бас тартқандықтан олардың ісінен Азаттық тілшісі бейхабар.
БАС ПРОКУРАТУРА МӘЛІМДЕМЕСІ
Наурыздың 13-і күні Қазақстанның бас прокуратурасы Астана қаласындағы Есіл аудандық сотының қаулысына сүйене отырып, Қазақстанның демократиялық таңдау қозғалысын экстремистік ұйым ретінде таныған. Оның қызметіне ел аумағында тыйым салған. Бас прокуратура таратқан мәлімдемеде ұйымды құрған Мұхтар Әблязовтың қомақты көлемде ақша жымқырғаны, Қазақстан заңын бұзып өзге елде жасырынып жүргені айтылған. Сонымен бірге ұйымның қазіргі биліктің жағымсыз образын қалыптастырып, елде әлеуметтік араздық тудырып отырғаны баяндалған.
Қуғындағы банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязов бұл айыптауларды жоққа шығарып, саяси себеппен қуғынға ұшырағанын мәлімдеп келеді.
Оқи отырыңыз: ҚДТ-ға тыйым салу нені білдіреді?
Азаттық тілшісі Есіл аудандық соты шығарған сот қаулысы деректер базасынан шешімді іздегенімен таппады. Оны кейбір құқық қорғаушылар да таба алмаған.
Құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің айтуынша, ҚДТ-ны экстремистік ұйым деп танитын сот қаулысын ешкім көрмегендіктен қоғамда оған қатысты сұрақтар туындап отыр. Мәселен, сот қаулысы күшіне енбей жатып, азаматтарды полицияға шақырту күмән туғызады.
- Біріншіден, Қазақстанда бәрі сот алдында тең. Сондықтан прокуратура бастамасымен шыққан сот шешімі бойынша халықаралық заң және Қазақстан Конституциясы бойынша екінші жақ та да шағымдана алады. Сәйкесінше, оған процессуалды түрде белгіленген мерзім береді. Бір таң қаларлығы – ол құжатты (үкімді - ред.) ешкім көрмеген. Неге тым болмаса мемлекеттік БАҚ арқылы "Міне, сот шешімі шықты, күшіне енді" деп көрсетпейді? - дейді ол.
Ал тәуелсіз журналист Сергей Дуванов белсенділердің қудалануына байланысты:
- Бұл сот қаулысы күшіне енген күннен бастап оны бұзатын азаматтарға арнап жасалып жатқан профилактикалық жұмысқа ұқсайды. “Бәленбай күні сізді ұстаймыз” деп ескерткен құқық қорғау органдарының "гуманды" акциясы. Меніңше, бұл жерде сұрақтардың жауабын заңның (Қазақстан заңнамасы – ред) өзінен іздеу керек. Оның өзінде құқықтық тұрғыда кереғар нәрселер бар. Себебі ол экстремизмге еш қатысы жоқ ұйымды экстремистік ретінде танып отыр, - дейді.
Құқық саласының маманы Сергей Злотниковтің айтуынша, нақты жағдайда полиция ешкімге ешқандай айып тақпағандықтан профилактикалық жұмыстар жүргізе алады. Бірақ оларды не үшін шақырғанын нақты анықтап көрсетуі тиіс. Ол белсенділерге полиция шақырса, адвокатпен баруға кеңес береді.
2017 жылы сәуірде шетелде тұратын бірнеше қазақстандық белсенді, оның ішінде Мұхтар Әблязов жалпыазаматтық "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрғанын мәлімдеген.
Қозғалысты құрғандар "Қазақстанның саясаты мен экономикасын түбегейлі өзгерту, парламенттік республика орнату, бір адамға ғана қызмет жасайтын емес, керісінше халық алдында есеп беретін және халық үшін жұмыс істейтін үкімет құруды мақсат тұтқанын" мәлімдеген.
Бас прокуратура мәліметінше, Қазақстанда бұған дейін сот шешімімен алты ұйым экстремистік деп танылған. Олардың арасында "Сенім. Білім. Өмір" қоғамдық бірлестігі, "Хизбут-Тахрир-аль-Ислами", "Таблиғи-Жамағат", "Ат-такфир уаль-хиджра", "Халық майданы" қоғамдық қозғалысы, "Алға" халық партиясы бар.
Видео: Белсенділер полицияға шақыртылды