Accessibility links

Қосанов: Еуропарламент өкілдерімен кездесуде үш мәселе қозғалды


Әміржан Қосанов, саясаткер.
Әміржан Қосанов, саясаткер.

Қазақстанда сапарлап жүрген Еуропарламент депутаттары 11 мамыр күні қазақстандық қоғам белсенділерімен кездесіп, бірнеше мәселені талқылады деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Кездесуге қатысқан саясаткер Әміржан Қосановтың айтуынша, кездесу жабық өтті және оған он шақты үкіметтік емес ұйымның өкілдері қатысты.

"Кездесуде Қазақстан қоғамындағы ең өзекті мәселелерді айтуға тырыстық. Оның ішінде ең алдымен саяси тұтқындарды босату жайын көтердік. Бұл жерде саяси тұтқын ретінде үш адам - Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев және Макс Боқаевты атадық. Олар да бізге бұл мәселеден хабардар екенін, ресми және бейресми байланыс кезінде мұны қозғап жүргендерін жеткізді" деді Әміржан Қосанов.

Оның сөзінше, кездесуде екінші қозғалған мәселе - Қазақстандағы сөз бостандығы жайы болған. Қазақстанда бұрын жабылып қалған, қазір де істі болып жатқан басылымдар туралы айтылған.

"Келесі қозғалған бір мәселе - Қазақстанның еуропалық құрылымдармен қарым-қатынасы, байланысы болды. Мен АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық орнатудағы 5+1 форматына Еуропа Одағын да қосып, 5+2 форматына өзгерту туралы ұсыныс жасадым. Бұл - Қазақстанды демократияландыру процесін жеделдеткен болар еді" деді Әміржан Қосанов.

Саясаткер Еуропарламент депутаттарына астаналық белсенді, 10 мамыр күні полицияның өзін тұтқындауы кезінде жарақаттанған Айдын Егеубаевтың хатын тапсырды.

Қазақстанда Еуропарламент депутаттары билік өкілдерімен кездесе бастаған 10 мамырда Астана, Алматы, Семей, Шымкент, Ақтөбе, Орал және Атырау қалаларында наразылық шаралары өткен. Наразылар "саяси тұтқындарды қамаудан босатуды" талап еткен.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы наразылық жайлы барлық ақпарат

Митингілерден кейін ондаған қатысушыларды полиция ұстап, бірқатарына әкімшілік жаза кесілді.

XS
SM
MD
LG