Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы АҚШ пен Еуропа Одағы Қазақстан билігін адам құқығын бұза беруін тоқтатуға шақыруы тиіс деп мәлімдеді. HRW 11 мамыр күні жариялаған мәлімдемесінде Қазақстанда 10 мамыр күні саяси тұтқындарды босатуды талап етіп митингіге шыққандарды полиция арнайы жасағының күштеп тұтқындауын адам құқығын аяққа таптау деп атайды.
"Бұл тактикалар адам құқығын өрескел бұзады және Қазақстан билігі оны өз білгенімен істеп отыр. Қазақстан көпшілік жиын өткізу туралы заңын қайта қарайды деген мәлімдемелер көп жыл бойы бос сөз болып келді" делінген мәлімдемеде.
10 мамыр күні Алматы, Астана, Семей, Шымкент, Ақтөбе және Орал қалаларында ондаған адам көшеге шығып, саяси тұтқындарды босатуды және азаптауды тоқтатуды талап еткен. Митингіге барғандарды арнайы полиция жасағы күштеп ұстап, автобустарға тиеп полиция бөліміне алып кеткен.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы наразылық жайлы барлық ақпарат
"Қазақстанның серіктестері, әсіресе бұл елмен қарым-қатынасын жақсартқан Еуропа Одағы және Қазақстанды "демократия мен сөз еркіндігін құрметтейді" деп мақтаған АҚШ ұстанымын өзгертуі тиіс. Бұл елдер Қазақстан билігін адам құқығын бұзуды тоқтатуға шақыруы тиіс. Олай болмаған жағдайда, азаматтарды көшеге шығып, сыни ой-пікірін білдіргені үшін жаппай ұстап полиция бөлімшелеріне алып кету оқиғаларына куә бола береміз" делінген HRW мәлімдемесінде.
Видео: Полиция наразыларды қалай ұстады?