Ресей Қаржы министрлігі 2018 жылы зейнетақыға бөлінетін қаржыны 51,5 миллиард рубльге азайтуды ұсынды. Министрлік "әлеуметтік саясат" саласы бойынша жалпы шығындарды 53 пайызға қысқартпақ. Бюджетке бұған қатысты өзгерістер енгізу жобасы нормативтік құқықтық актілер жобасының федералдық порталында жарияланды.
Таратып айтқанда, әлеуметтік қамсыздандыру шығынын 6 миллиард, мүгедектерді мемлекеттік қолдауға бөлінетін шығынды 2 миллиард рубльге азайту қарастырылған.
Ал күш құрылымдарға жұмсалатын қаржы керісінше, 20 миллиард рубльге көбейген. РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, армияға 2,3 миллиард рубльден артық қаржы бөлінеді.
Сонымен қатар, жазаны атқару жүйесіне бөлінетін қаржы да көбейіп, 4,5 миллиард рубльге ұлғаяды. Ресей үкіметі армия мен күш құрылымдарына жалпы бес триллион рубль бөлуді жоспарлап отыр. Бұл сома елде жиналатын салық көлемінің шамамен 29 пайызын құрайды.
7 мамырда Ресей президенті үкіметке 2024 жылға қарай Ресейді әлемнің экономикасы дамыған бес елінің қатарына қосу, орташа өмір сүру ұзақтығын 78 жасқа дейін жеткізу, зейнетақы мөлшерін инфляция деңгейінен жоғары ұстап тұру және кедейшілік деңгейін екі есеге төмендету шараларын жасауды тапсырған.
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев бұған дейін үкімет зейнеткерлік жасын ұлғайту туралы заң жобасын "өте қысқа мерзімде" дайындайтынын мәлімдеген.