Accessibility links

"Шаңырақ ісімен" сотталған Рүстем Тұяқов бостандыққа шықты


"Шаңырақ ісі" бойынша сотталушы Рүстем Тұяқов Алматы қалалық сот залында. 5 қазан 2007 жыл.
"Шаңырақ ісі" бойынша сотталушы Рүстем Тұяқов Алматы қалалық сот залында. 5 қазан 2007 жыл.

“Шаңырақ ісі" бойынша ұзақ жылға сотталған төрт азаматтың бірі – Рүстем Тұяқов бостандыққа шықты. Бұл туралы Азаттыққа Тұяқовтың туыстары хабарлады. Әпкесі Гүлзира Тұяқованың айтуынша, Рүстем Тұяқов мамырдың 31-і түнде Алматы облысының Заречный кентіндегі түрмеден босап шыққан.

- Ағайын-туған болып күтіп алдық. Шартты мерзімінен бұрын босап шықты. Айыппұлының бәрі төленген. Босатуға тәртібі де әсер етті. Бәріміз қатты қуанып отырмыз, - дейді Гүлзира Тұяқова Азаттық тілшісіне.


2007 жылы күзде 14 жылға сотталған Рүстем Тұяқов - "Шаңырақ ісіне" қатысты ұзақ мерзімге сотталған төрт азаматтың ішіндегі ең жасы. 23 жасында сотталған азамат 12 жыл түрмеде отырып, 35 жасында туған-туысымен қайта қауышып отыр. Ол бұған дейін Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Алматы облыстарындағы түрмелерде жазасын өтеген.

Оқи отырыңыз: «Шаңырақ ісіндегі» еркіндікке шығаратын ақша мен саясат

2006 жылы шілденің 14-інде Алматының шетіндегі Шаңырақ ықшам ауданында "жер телімдерін заңсыз иеленіп үй салды" деп айыпталған тұрғындар мен олардың үйлерін қиратуға келген полиция арасында қақтығыс болған. Жаппай қақтығыс кезінде 24 жастағы полицей Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол 12 күннен кейін Алматыдағы 12-ауруханада көз жұмған. "Шаңырақ оқиғасы" бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2007 жылдың күзінде төрт адам – Арон Едігеевті (Атабек - әдеби бүркеншік есімі) 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновті 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті 15 жылға және Рүстем Тұяқовты 14 жылға соттаған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG