11 маусымда қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин спортқа оралғанын хабарлады. Астанада арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Ильин жарыстарға дайындалып жатқанын айтты.
- Еліме керекпін. Маған көмектескен құрама жасақтадық. Алда Токио олимпиадасы бар. Қазір формам жақсы. Жарыстарға 75 пайыз дайынмын, - деді Ильин жиында.
Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 2016 жылы Пекин және Лондон олимпиада ойындарының сынамаларын қайта тексерген. ХОК Ильиннің осы екі олимпиададағы анализдерінен допинг табылғанын хабарлап, екі алтын медалін қайтарып алған.
Оқи отырыңыз: IWF Қазақстан ауыр атлетика құрамасын тағы жазаламақ
Илья Ильиннің әлем және Азия ойындарында алған медальдары сақталған. Кейін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Ильинді екі жылға спорттан шеттеткен. Оның жазасы 2018 жылы 19 қазанда аяқталады.
Сәуірде Халықаралық ауыр атлетика федерациясы "2008-2020 жылдары арасында 20-дан астам допинг ережесін бұзған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжан Токио олимпиадасына тек бір ер және бір әйел спортшы апара алады" деген шешім шығарған. Бұл ережені Халықаралық олимпиада комитеті қолдаған.
Осыдан кейін Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) үстінен Спорттық арбитраж сотына (CAS) шағым түсірген.
ПІКІРЛЕР