Accessibility links

Сауд Арабиясында әйелдер көлік жүргізе бастады


Сауд Арабиясында автокөлік жүргізуді үйреніп жатқан әйел.
Сауд Арабиясында автокөлік жүргізуді үйреніп жатқан әйел.

Маусымның 24-і күні Сауд Арабиясында король Салман бен Абдел Әзиз әл-Саудтың елде әйелдерге автокөлік жүргізуге рұқсат беру туралы өткен жылғы қыркүйекте шығарған жарлығы күшіне енді.

2018 жылғы қаңтарда әйелдерге автокөлік жүргізуді үйрететін алғашқы арнайы мектепке оқытушылар қабылдап жатқаны туралы ақпарат тараған. Мамыр айында Сауд Арабиясының көлік министрлігі әйелдерге жүргізуші куәлігін тапсыруға дайындық жұмыстарының аяқталғаны туралы хабарлаған.


Al-Arabiya телеарнасының хабарлауынша, әйелдердің көбі таңның атуын күтпестен, уақыт түн ортасынан асқан сәтте көлік тізгініне отырып, жолға шыққан. Сауд Арабиясы полициясы тарихи оқиғаға алдын ала дайындалған: олар көлік жүргізуші әйелдерді корольдік атынан құттықтап, раушан гүлдерін сыйлаған. Саудиялық ханшайым Рим әл-Уалид бен Талялдың да көлік тізгінін қолына алғаны туралы Twitter әлеуметтік желісінде оның әкесі, миллиардер ханзада Әл-Уалид жазды.

Фотогалерея. Саудиялық әйелдердің көлік жүргізуге дайындығы:

Сауд Арабиясы әйелдердің көлік жүргізуіне тыйым салынған әлемдегі жалғыз мемлекет болатын. Әйелдердің көлік жүргізуіне консерватор ислам діндарлары қарсы болып келген. Бұл елде көлік жүргізу құқығы үшін күрескен әйелдер жиі тұтқындалып, жазаланған.

Соңғы жылдары королдік билігі бұған дейін елде болған бірқатар шектеулерді жойған. Бұл реформаларды тақ мұрагері Мұхаммед ханзадамен байланыстырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG