Accessibility links

Туыстары: Тұңғышбаевты Алматы полициясында ұстап отыр


Белсенді Мұратбек Тұңғышбаев сот залында отыр. Бшкек, 19 маусым 2018 жыл.
Белсенді Мұратбек Тұңғышбаев сот залында отыр. Бшкек, 19 маусым 2018 жыл.

Қазақстанға экстрадицияланған оппозициялық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевтың Алматы қалалық ішкі істер департаментінде (ІІД) отырғаны хабарланды. Тұңғышбаевтың анасы Бақтыбола Тұңғышбаева Азаттық тілшісіне айтуынша, 28 маусым күні өзін "Алматы қалалық ІІД тергеушісі Алмат Қаңтарбаевпын" деп таныстырған адам хабарласып, ұлының "департаментте екенін" айтқан.

Оның сөзін Тұңғышбаевтың қырғызстандық адвокаты Замир Жоошев растады.

- Ол (тергеуші Қаңтарбаев - ред.) туыстарына Тұңғышбаевтың Алматы ішкі істер департаментінде кешеден бері отырғанын хабарлағысы келген. Біздің түсінімуізше, бүгін немесе ертең оған қатысты шара қарастырылады. Тергеуші Қырғызстанның оны Қазақстанға Қылмыстық кодекстің 405 бабы 2-ші бөлімі (Экстремистік ұйымның әрекетіне қатысу) бойынша берілгенін білмейтін сияқты. Бұл бап бойынша, ең көп дегенде екі жыл жаза қарастырылған. Қазақстан заңнамасына сәйкес, ол [тергеу жалғасқанша - Азаттық] бостандықта болуы тиіс. Осыны тергеушіге түсіндіріп айттым. Қазір құжаттардың көшірмесін жіберем. Солармен танысқан соң оны қамау туралы шешімді көтермейді деп ойлаймын, - дейді Замир Жоошев.

Оның айтуынша, Мұратбек Тұңғышбаев қазір полицияның уақытша қамау изоляторында болуы мүмкін. Оған мемлекеттік адвокат ұсынылған.

Азаттық тілшісі Тұңғышбаевқа қатысты комментарий алмақ болып, Алматы ішкі істер департаментіне хабарласқанымен, департаменттің баспасөз қызметі телефон қоңырауына жауап бермеді.

Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстан арнайы қызметі 10 мамырда Бішкекте Қазақстан билігінің сұрауымен ұстаған. Ол содан бері Бішкекте тергеу абақтысында отырған. 25 маусымда Бішкектің Октябрь аудандық соты Қырғызстан Бас прокуратурасының Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға қайтару туралы шешімін қолдаған. Қазақстандық оппозициялық белсенді әрі блогер Мұратбек Тұңғышбаевты 26 маусымда Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Қазақстанның құқық қорғау органдарына тапсырған.

Қазақстан билігі блогерді "экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдайды" деп айыптап отыр. Тұңғышбаев пен оның туыстары бұл айыптың саяси астары барын мәлімдеп, халықаралық ұйымдардан араша сұрайды. Бұған дейін қырғызстандық құқық қорғау ұйымдары мен азаматтық белсенділер Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялауға қарсылық танытқан

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қырғызстанның азаптауға ұшырауы мүмкін екеніне қарамастан саяси астары бар іс бойынша айыпталған белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға тапсыруын айыптады.

Бұған дейін Қырғызстанның жазаны атқару комитеті Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау процесі бір айға дейін созылуы ықтимал екенін хабарлаған еді. 21 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Бұған дейін оны қамауға алу туралы шешімге қарсы берілген шағымдардың ешқайсысы қанағаттандырылмады. Қырғызстанның миграциялық қызметі 5 маусым күні Азаттыққа Мұратбек Тұңғышбаевтың өзіне босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қарастырып жатқанын хабарлаған еді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG