Accessibility links

Иранда су тапшылығы наразылар шеруіне себеп болды


Иранның Хорррамшар қаласында көшеде тұрған полиция күштері.
Иранның Хорррамшар қаласында көшеде тұрған полиция күштері.

Иран астанасы Тегераннан оңтүстікке қарай 650 шақырымдағы Хоррамшар қаласында су тапшылығына наразылық танытып көшеге шыққан жүздеген демонстрант полициямен қақтығысқан. ИРНА агенттігінің хабарлауынша, наразылар үкіметке қарсы ұрандар тастап, айғайлаған.

Шеруге шыққандар полицияға тас лақтырғаннан кейін полиция оларға жас ағызатын газ шашқан. Тәртіпсіздіктер түні бойы жалғасқан деп хабарланды. Әлеуметтік желіде сол шеруден түсірілген деп сипатталған видеоларда атыс қаруының дыбыстары естіледі.

Бұған дейін маусымның 20-ы мен 23-і күндері Абадан қаласындағы губернатор кеңсесі алдына жиналған жүздеген адам су тапшылығына байланысты наразылық білдірген.

Хузестан аймағының шенеуніктері бірнеше аптадан кейін жаңа су құбыры толық іске қосылған соң Абадан мен Хоррамшарды сумен қамтамасыз етуді қалыпқа келтіруге уәде еткен. Иран билігін сынаушылар үкіметтің шаруаға қырсыздығына жылдар бойғы құрғақшылық қосылып, салдарынан аймақтарда өзендер мен жер астындағы су деңгейлері түсіп кеткенін айтады. Тәртіпсіздіктер АҚШ президенті Дональд Трамптың санкциялар туралы сесінен кейін бірқатар шетелдік компаниялар Ирандағы жұмыстарын тоқтатқаннан кейін шығып отыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG