Accessibility links

БАҚ: ғарышкер Терешкова Астанаға Назарбаев есімін беруді ұсынды


Тұңғыш әйел-ғарышкер, Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Валентина Терешкова. Мәскеу, 7 мамыр 2018 жыл.
Тұңғыш әйел-ғарышкер, Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Валентина Терешкова. Мәскеу, 7 мамыр 2018 жыл.

Тұңғыш әйел-ғарышкер, Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Валентина Терешкова Қазақстан астанасының атауын өзгерту туралы бастама көтерді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні – шілденің 6-сында тойланатын Астана күні мерекесінде сөйлеген Терешкова қала атауын Назарбаевтың есімімен атауды ұсынды деп хабарлайды Sputnik ақпарат агенттігі.

"Менің ойымша, Астана деп емес, сіздердің президенттеріңіздің есімімен атау керек. Біз оны өте жақсы көреміз және біздің президентіміз Владимир Владимирович Путин мен Нұрсұлтан Әбішұлының өзара тамаша қарым-қатынасын мақтан тұтамыз", - деген Астанаға жұмыс сапарымен Мемлекеттік дума делегациясы құрамында келген Терешкова.

Оқи отырыңыз: Назарбаевтың жеке басына табыну бар ма?

Астананы президент Назарбаевтың құрметіне атау туралы бастаманы бұған дейін қазақстандық депутаттар да көтерген. 2016 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған декларацияны талқылау кезінде парламент мүшелері елдің тұңғыш әрі осы кезге дейін жалғыз президентінің есімін мемлекет астанасына беру жайлы ұсыныс айтқан. 2017 жылы депутаттар бұл мәселені тағы да қозғаған. Назарбаев мұндай бастама өзіне "жылы естілгенін" мәлімдегенімен, Астана атауын өзгертуге қарсы екенін білдірген.

Қазақстанда Назарбаевтың есімі Астана халықаралық әуежайына, Алматыдағы орталық көшеге, университет, кітапханаларға берілген. Елде Назарбаев зияткерлік мектептері желісі бар. Бірнеше қалада тұңғыш президентке ескерткіштер орнатылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG