Accessibility links

Астана күні ұсталғандар полицияда үш сағаттан артық отырғандарын айтады


Астанадағы мерекелік шара өтіп жатқан EXPO қалашығында тұрған полиция қызметкері. 6 шілде 2018 жыл.
Астанадағы мерекелік шара өтіп жатқан EXPO қалашығында тұрған полиция қызметкері. 6 шілде 2018 жыл.

Астана күні мерекесі тойланған шілденің 6-сы күні Қазақстан астанасында құқық қызметкерлері көшеден ұстап әкеткен тұрғындар үш сағаттан артық полиция бөлімінде отыруға мәжбүр болғандарын айтады.

Астаналық белсенді Майгүл Садықованың Азаттыққа айтуынша, оны мейрам күні кешкісін Mega Silk Way сауда – ойын-сауық орталығына құрбысымен кездесуге барған жерінен полиция өкілдері ұстап, көлікке салып алып кеткен.

- Полиция қызметкерлері "кім екеніңізді анықтауымыз керек" деп Есіл аудандық полиция бөліміне апарды. Маған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына (ҚДТ, Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған ұйым – ред.) мүшесің бе, оның жетекшісі Мұхтар Әблязовпен байланысың бар ма, ол саған қанша ақша төлейді, қандай нұсқаулар береді, әлеуметтік желіде ҚДТ материалдарын қарайсың ба деген сұрақтар қойды. Мен ҚДТ-ға мүше емес екенімді, Әблязовпен таныстығым жоғын, ал әлеуметтік желіде қандай ақпаратпен танысу – өз құқығым екенін түсіндірдім, - деді Майгүл Садықова Азаттыққа сенбі күні.

Алматыда бірнеше адамды полиция ұстады (6 шілде 2018 жыл):

Алматыда бірнеше адамды полиция ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00

Белсендінің сөзінше, бұған дейін, мамырдың 10-ы күні Астана көшесінде оны тоқтатқан құқық қызметкері Майгүл Садықовадан үш дана көк түсті шарды тәркілеген, ал бұл жолы полицияда сөмкесінің ішін ақтарып, телефонын тексергенімен, кейін барлық затын қайтарып берген.

- Тергеуші мен прокурор мені видеоға түсірмекші болды, мен бұлары заңсыз екенін айтқан соң олар видеоға түсуден бас тартатыным және "тергеу құпиялығын жарияламау" туралы екі қағазға қол қойғызып алуға тырысты, - дейді Садықова.

Оның айтуынша, жеке заттарын полицияның тексеруі және сұрақ-жауап бір сағатқа жуық созылған. Тергеушімен әңгіме аяқталғаннан кейін де Майгүл Садықованы бірнеше сағат бойы полиция бөлімінен шығармай ұстаған.

- Полиция бөлімінде мен тәрізді көшеден ұстап апарған ондаған адамды көрдім. Олардың арасында түрлі жастағы әйелдер, ер адамдар мен жігіттер болды, бір жас қыздар жылап жүрді. Олардан да жауап алып, саусақ іздерін түсіріп алыпты, - дейді белсенді.

Майгүл Садықова кешкі сағат сегіз кезінде кірген полиция бөлімінен сағат түнгі он екіден асқанда босап шыққанын айтады.

Шілденің 6-сы күні Астананың Есіл аудандық полиция бөліміне апарылғандардың тағы бірі Руслан Жами де өзін бірнеше сағат бойы жібермей ұстағанын айтты.

- Полиция мені Қылмыстық кодекстің 405-бабы (тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу) негізінде қозғалған іс бойынша куәгерсің деп алып барды. "Ол кімге қарсы қозғалған іс, менің аты-жөнім бар ма, көріп, танысайыншы" деген сауалыма жауап ала алмадым. Сосын олар "жеке куәлігіңнің көшірмесімен жүр екенсің, біз сені кім екеніңді анықтау үшін әкелдік" деп құбылып шыға келді. Хаттамаға қол қоюдан бас тарттым, мені үш сағаттан артық ұстады, - дейді Руслан Жами.


Ол жұма күні түнгі сағат он екіге қарай шыққан Есіл аудандық полиция бөлімінде өзі тәрізді көшеден ұстап апарылған оннан аса адамды көргенін айтады.

Астана ішкі істер департаментінен жұма күні ұсталғандарға қатысты қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады.

Шілденің 6-ы күні кешкісін Астана мен Алматыдағы мерекелік концерттер өтетін жерлерде қауіпсіздік шаралары ерекше күшейтіліп, Алматыда кемінде бес адамды полиция өкілдері ұстап әкеткені туралы Азаттық бұған дейін хабарлаған. Ақтөбеде жергілікті белсенді Әлима Әбдірованы полиция ұстап әкетіп, бірнеше сағаттан кейін босатқан.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік күшейтіліп, кей адамдар ұсталған мереке

Бұған дейін қазір шетелде тұратын экс-банкир, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтарды шілденің 6-сы, Астана күні (Қазақстанда бұл ресми мереке президент Назарбаевтың туған күні тойланады) кешке көшеге шығып, биліктен елде барлық деңгейде білім беру тегін болуын, ипотекалық және тұтыну несиелеріне амнистия жариялауды талап етуге шақырған болатын.

Әблязов оның алдында да жұртты көпшілік акцияларға шығуға үндеген. Маусымның 23-і күні полиция Қазақстан соты биыл наурызда "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған тіркелмеген "Қазақстан демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы "тегін білім үшін" талабымен акциялар өтетін орындар ретінде белгілеген жерлерден бірнеше адамды ұстап әкеткен. Мамырдың 10-ы күні Қазақстанның бірнеше қаласында "саяси тұтқындарға бостандық" талабымен рұқсат етілмеген шерулерге шыққан ондаған адам ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG