Accessibility links

Әлем дипломаттары діни бостандық мәселесін талқылады


Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов (сол жақта) және АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео (оң жақта). Вашингтон, шілде айы 2018 жыл
Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов (сол жақта) және АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео (оң жақта). Вашингтон, шілде айы 2018 жыл

Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео ұйымдастырған діни наным-сенім бостандығын ілгерілету бойынша министрлердің алғашқы конференциясына қатысты. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Вашингтонда өткен шараға 80-нен астам елдің дипломаты, 170-тен астам азаматтық қоғам өкілі мен 100 шақты әлемдік діни жетекшілері қатысқан.

Конференция аясында діни бостандықты қамтамасыз етуге бағытталған Потомак декларациясы қабылданған. Шарада сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның діни наным-сенім бостандық принциптеріне деген айнымас ұстанымынан ауытқымайтынын айтып, осы салада халықаралық бастамаларды қолдайтынын жеткізген.

Министрліктің ақпараты бойынша, шара аясында Әбдірахманов АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен АҚШ президентінің аға кеңесшісі Джаред Кушнермен пікір алмасқан. Оңтүстік және Орталық Азия бойынша мемлекеттік хатшының орынбасары Элис Уэллспен келіссөз жүргізген.

Мамыр айының соңында жарияланған АҚШ-тағы халықаралық діни бостандық бойынша комиссиясының есебінде әлемнің ондаған елінде діни бостандықтың қатты шектеуге ұшырағаны, олардың ішінде Қазақстанның бар екені айтылған еді.

Атап айтқанда, құжатта былтыр діни сенімін бейбіт түрде білдіргені үшін Қазақстанда 20 адамның түрме жазасына кесілгені жазылған. Бұған қоса, 2011 жылы қабылданған Дін туралы заңның елдегі тіркеу талаптарын қатайтып, тіркелмеген діни іс-шараларға, оның ішінде білім беруге, әдебиет таратуға және қызметкерлер дайындауға тыйым салғанын жазған.

Мұндай шектеудің кесірінен елдегі тіркелген діни топтардың саны күрт азайған. 48 "дәстүрлі емес" діни ұйымның 16-сы ғана тіркеуден өткен.

Елде қазіргі кезде "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралып жатыр. Бұған дейін "Форум-18" халықаралық құқық қорғау ұйымы заң жобасын сынап, Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындаудағы кемшіліктерді жоймай, керісінше еселей түседі деген пікір білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG