Accessibility links

HRW: Қазақстан Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтармауы тиіс


Сайрагүл Сауытбай сот залында отыр. Алматы облысы, Жаркент қаласы, 13 шілде 2018 жыл.
Сайрагүл Сауытбай сот залында отыр. Алматы облысы, Жаркент қаласы, 13 шілде 2018 жыл.

Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігі Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтармай, халықаралық құқықтарға сай міндетін орындауы тиіс деп мәлімдеді.

"Сауытбай Қазақстанға пана іздеп қашып келді. Қазақстан Қытайдың қысымына көнбей, Босқындар жөніндегі конвенцияға қол қойған ел ретінде өзінің халықаралық құқықтық міндеттемелерін орындауы тиіс. Қазақстан оны (Сауытбай - ред.) Қытайға қайтарылған жағдайда сөзсіз тап болатын қудалаудан қорғауы шарт" делінген ұйымның 30 шілдеде таратқан мәлімдемесінде.

"Шекарадан заңсыз өтті" деп айыпталған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтару мәселесін Алматы облысының Панфилов аудандық соты қарап жатыр.

13 шілдеде өткен сотта прокурор Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392 - бабы ("шекараны заңсыз бұзып өту") бойынша айып таққан. Қазақстан заңы бойынша, ол айыпты деп танылса, елден шығарылады.

Сот тергеуі кезінде Сайрагүл Сауытбай өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын айтып, прокурормен процессуалдық келісім жасасуды сұраған. Ол өзіне Қытайда "саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын" мәлімдеген. Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істеген, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген. Сайрагүл Сауытбай Қытайға қайтарылса, ол елде өзіне өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін, Қазақстанда қандай жазаға да келісетінін мәлімдеген.

23 шілде күні өткен сот процесінде прокурор Сайрагүл Сауытбайдың процессуалдық келісім жасасу туралы өтінішінен бас тартқан.

Оқи отырыңыз: Сайрагүл мен прокурор келісімге келе алмады

Адвокаты Абзал Құспан Сайрагүл Сауытбай өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын, "бар мақсаты - босқын мәртебесін алу" екенін айтады.


"Сайрагүл Сауытбай - Қытайдың Шыңжаң аймағындағы "саяси қайта оқыту" лагерлерін әшкерелеген аз адамның бірі. Осы жылдың басында ол қауіпсіздігіне алаңдап, Шыңжаңнан Қазақстанға қашып келді. Қазір оған Қытайға күштеп қайтарылу қаупі төніп тұр. Қытайда ол қамалып, азапталуы мүмкін" делінген ұйым мәлімдемесінде.

HRW Сайрагүл Сауытбайдың алаңдауына негіз барын, себебі ұйым бұрын да Қытайға күшпен қайтарылған этникалық ұйғырлардың із-түзсіз жоғалып кеткенін, олар туралы еш ақпарат шықпай отырғанына дәлелі жеткілікті екенін айтады.

Сайрагүл Сауытбайдың ісі бойынша ендігі сот процесі 1 тамызда өтеді.

Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм мен екі баласы Қазақстан азаматтығын алған. Ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келмек болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG