АҚШ ғарыш агенттігі (NASA) коммерциялық мақсаттағы Boeing Starliner және SpaceX Crew Dragon кемелерін сынауға қатысатын астронавтардың аты-жөнін жариялады. Бұл оқиға америкалық ғарышқа ұшыру бағдарламасының жаңа дәуірі басталғанын білдірмек. Бұған дейін АҚШ астронавтарын халықаралық ғарыш станциясына "Союз" ресейлік зымыраны жеткізіп келген.
"Біз 2011 жылдан бері алғаш рет Америка аумағынан америкалық астронавтарды америкалық зымыранмен жеткізу мүмкіндігіне жақын қалдық", - деп мәлімдеген NASA директоры Джим Брайденстайн.
2015 жылы Space Shuttle бағдарламасы аяқталғаннан кейін АҚШ астронавтарын орбитаға жеткізгені үшін миллиондаған доллар қаржы жұмсап келеді. Шығынды азайтуды мақсат тұтатын АҚШ-тың жаңа әкімшілігі ғарыш бағдарламасының үлкен бөлігін, мейлі ол халықаралық ғарыш станциясын басқару немесе жаңа экипаждарды ғарышқа ұшыру болсын, жеке меншік корпорацияларға беруге бейіл деп хабарлайды "Америка дауысы".
Басқарылатын ғарыш кемелерін дайындаумен екі компания Boeing және SpaceX айналысып жатыр.
SpaceX Crew Dragon экипажының құрамына төрт астронавт енген. Boeing Starliner экипажы бес адамнан тұрады, олардың арасында бұрынғы халықаралық ғарыш станциясының бұрынғы командирі Суни Уильямс та бар.
Ғарыш аппараттарын ұшқышсыз ұшырып сынақтан өткізу биылғы жылдың соңына жоспарланған. Орбитаға алғашқы экипаждар 2019 жылдың көктем және жаз мезгілінде аттанбақ.
ПІКІРЛЕР