Accessibility links

Байбек: "Көкжайлау" жобасында қоғамдық пікірді ескереміз


Бауыржан Байбек, Алматы әкімі.
Бауыржан Байбек, Алматы әкімі.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек "Көкжайлау" шипажайының жаңа жобасы дайындалғанын мәлімдеді. Әкімнің сөзінше, егер қалалықтар құрылыс жобасын қолдамаса, онда оны іске асырудан бас тартуға дайын.

"Барлық тараптың парасатты пайым ұстанып, жалған ұранға емес, дәлелді фактіге сүйенгені жөн. Барлық шешім жете ойластырылған болуы тиіс. Тағы да айтамын, егер қоғам бізді қолдамаса, онда әрине, жобадан бас тартамыз", - деді Бауыржан Байбек қаладағы білім беру мекемелері қызметкерлерінің тамыз конференциясында.

Әкімнің сөзінше, жаңа жоба концепциясында Көкжайлау шатқалында "экологияға келетін жүктемені айтарлықтай азайту" қарастырылған. Ал жобаның өзі трассалардың ұзындығы, көлемі, аспалы жолдардың саны мен шипажайды қармен қамтамасыз ететін көл аумағын азайту арқылы "барынша оңтайландырылған". "Құрылыстың жалпы аумағы 13,6 есеге, яғни, 253 мың шаршы метрден 18,5 мың шаршы метрге дейін қысқарды", - деді Алматы әкімі.

Оқи отырыңыз: "Көкжайлау": жаңа параметрлер мен қарсыластар пікірі

Бауыржан Байбек құрылысқа бөлінетін жер көлемі 100 гектарға азайтылғанын айтты. Оның сөзінше, әкімдік бұл жоба бойынша қоғамдық тыңдау өткізіп, "барлық сауалға" жауап беруді ойластырып отыр. "Ашықтық пен есеп беру - әкімдік жұмысының басты қағидасы" деді Бауыржан Байбек.

Алматы әкімдігі Көкжайлауда шипажай салу жоспарын жариялаған кезде алматылықтардың көпшілігі, туризм және экология саласындағы шетелдік сарапшылар оған қарсылық білдірген. Әлеуметтік желілерде тіпті "Көкжайлауды қорғаймыз" деп аталатын топ құрылған. Олардың пікірінше, тау шаңғысы шипажайы жобасы экологиялық зардап келтіріп, техногендік қауіп-қатер төндіреді және экономикалық жағынан тиімсіз. Бұл пікірді бірнеше тәуелсіз сараптаманың қорытындысы да растаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG