Тамыздың 24-інде Түркіменстанда Халықаралық аралды құтқару қорының 12 саммиті өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан президенттері қатысты. Халықаралық Аралды құтқару қоры 1993 жылы Орталық Азиядағы бес мемлекеттің қатысуымен Қызылорда қаласында құрылған. Қор жұмысының басты мақсаты 1960 жылдардан бастап тартыла бастаған Араз теңізін құтқару, Арал өңірінің табиғатын сақтау, Арал теңізіне құятын ірі өзендер суын үнемдеп пайдалану, Аралды құтқаруға халықаралық қаржы ұйымдарының көмегін тарту деп көрсетілген. 2005-2006 жылдары Көкарал бөгетін салып, Қазақстан Аралдың солтүстік бөлігі – Кіші Аралды сақтап қалғаны жайлы мәлімдеген. Осыған орай Азаттық тілшісі Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясының орынбасары Марат Нарбаевпен сұхбаттасты.
Азаттық: - Түркіменстанда өтіп жатқан Халықаралық Аралды қорғау қорының саммитінен не күтуге болады?
Марат Нарбаев: - Бұл - үш-төрт жылда өтетін кезекті саммиттің бірі. Соңғы саммит 2009 жылы Алматыда өткен. Одан кейін Қордың төрағалығы Өзбекстанға өтіп, атқару комитеті Ташкентке ауысты. Бірақ олар саммит өткізбеді. Оған Өзбекстанның сол кездегі сыртқы саясаты әсер еткен сияқты. Түркіменстан 2016 жылы төрағалықты қабылдап алған болатын. Соған орай өткізіп отырған кезекті саммит.
Азаттық: - Халықаралық Аралды құтқару қорында құрылтайшылардың қаржы үлесі қандай? Қорда қаржы жинала ма?
25 жылда Халықаралық Аралды құтқару қорының негізгі үш бағдарламасы бойынша барлығы 15 миллиард долларға жуық қаржы жұмсалды.
Марат Нарбаев: - Әуел баста Қорды құрғанда Аралды құтқаруға арналған қаржыны ортақ жинап, келісілген бағдарламаларға жұмсау туралы сөз болған. Бірақ шын мәнінде Қордың аты болмаса, қаржысы жоқ. Негізінен, атқарылған жұмыстардың есебін жинаумен шұғылданады. Құрылтайшы бес мемлекет әрқайсысы өзі бөлген қаржыны Қор бағдарламасы бойынша өздері жұмсайды. 25 жылда Халықаралық Аралды құтқару қорының негізгі үш бағдарламасы бойынша барлығы 15 миллиард долларға жуық қаржы жұмсалды. Оның көбі - әр мемлекеттің өзінің қаржысы. 2009 жылы өткен саммитте бұл мәселе сөз болып, Қорға қаржы жинау қажеттілігі тағы көтерілді. Меніңше суды тиімді пайдалану, экология мәселесі бойынша дәстүрлі мәселелерден өзге осы саммитте Қор жұмысын дамыту сөз болатын шығар.
Азаттық: - Қорға құрылтайшы мемлекеттердің Арал теңізін сақтап қалудағы белсенділігі қандай?
Марат Нарбаев: - Мұны бір ауыз сөзбен айту қиын. Бұл ретте құрылтайшылардың ұйымдастыру жұмысына қалай араласқанын айтқым келіп отыр. Мәселен, Қырғызстан 25 жылда Халықаралық Аралды құтқару қорына төраға болған емес. Ал 2016 жылдан бастап Қордағы жұмысын тоқтатты. Олардың айтуына қарағанда, Қор Қырғызстанның мүдделерін толық ескере алмаған көрінеді. Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі белсендірек жұмыс істеп, Қор төрағалығын алып, өз мүдделерін алға тартуына болатын еді. Сондықтан бұл жолғы саммитке Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков құрметті қонақ ретінде қатысып отырған секілді. Қырғызстан Сырдария өзенінің бас жағында отырған ел, Тоқтағұл, Қамбар Ата су қоймалары болғандықтан Арал мәселесін реттеудегі маңызы зор. Ал Тәжікстан Қырғызстан бас тартқан соң 2002-2008 жылдар аралығында қатарынан екі рет төраға болып, екі рет саммит өткізді. 2008 жылы желтоқсанда Халықаралық Аралды қорғау қорының Біріккен ұлттар ұйымындағы белсенділігі күшейді. Тәжікстан аумағынан Сырдария өзенінің 70 шақырымы өтеді. Ал Әмударияның суының 80 пайызы Тәжікстан аумағында пайда болады. Түрікменстан да Қорға екінші рет төраға болып отыр.
Көре отырыңыз: "Аралдан көшіп кеткендер қайта келіп жатыр"
Азаттық: - Әмудариядан Арал теңізіне су құйыла ма? Үлкен Аралды толтыруға үміт бар ма?
Марат Нарбаев: - Арал теңізін 1960 жылдардағы деңгейге келтіру мүмкін емес деген пікір бар. Биыл жазда Ташкентте экологиялық форум өтіп, әріптестеріміз бізді Мойнаққа апарды. Өзбекстан Әмудария сағаларын сақтап қалуға тырысып отыр. Қазір олар суды сегіз үлкен көлге жіберіп жатыр. Өзбекстан Әмудария суымен 2,5 миллион гектар жер суарады. Түрікменстан Әмудария суын Өзбекстанмен тең бөледі. Әмударияда жылына 60 текше км болса, соның жартысы Түрікменстанға тиесілі. Мәселен, Сырдариядағы 30 текше/км судың 10 текше/км Қазақстанның үлесіне тиеді. Түрікменстанда да суармалы егіншілік көп.
Азаттық: - Суды көп қажет ететін дақылдарды азайту туралы жиі айтылады. Бұл талап орындала ма? Күріш пен мақта егу азайды ма?
Марат Нарбаев: - Совет кезеңінде қалыптасқан шаруашылық түрлерін өзгертіп, диверсификациялау оңай емес. Ол бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ әзірге жеткіліксіз.
Азаттық: - Қазақстан Кіші Арал теңізін қалпына келтіргенін жиі айтады. Көкарал бөгеті салынғанына да он жылдан асты. Жергілікті тұрғындар Солтүстік Аралды сақтап қалу бағдарламасының екінші кезеңі жүзеге асырылады деген биліктің уәдесін күтіп отырған тәрізді. Бірақ бұл уәденің де айтылып келе жатқанына бірнеше жыл болған сияқты.
Марат Нарбаев: - Арал теңізін қалпына келтіруге байланысты алғашқы зерттеулер 1975-76 жылдары басталған. Сол зерттеулерде «Әмудария мен Сырдария өзенінің сағаларын (дельта) қайта жаңғырту, Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру» туралы жоғары деңгейде ғылыми зерттеулер жасалған және Көкаралдан өзге тағы да екі бөгет салу көзделген. Қазақстанның салғаны әзірге соның бірі – Көкарал бөгеті. Аралды сақтап қалудың екінші кезеңі басталатыны жайлы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы Алматыда өткен саммитте айтқан болатын. Содан бері Дүниежүзілік банкпен келіссөз жүргізіліп келеді. Бірақ нәтиже жоқ.
Қызылорда су торабы жөнделеді, Сырдария өзенінің арнасы түзетіледі, Қазалы ауданының Бірлік ауылында көпір салынады.
Сондықтан енді Қазақстанның өз қаражатына жасалады. Халықаралық қаржы ұйымдары Көкарал бөгетін салуға жақсы көмек берді. «Сырдария өзені арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау» бағдарламасының екінші кезеңі бойынша апат жағдайында тұрған Қызылорда су торабы жөнделеді, Сырдария өзенінің арнасы түзетіледі, Қазалы ауданының Бірлік ауылында көпір салынады. Мұнан да өзге шаралар атқарылады.
Азаттық: - Кіші Арал суын ұстап тұрған Көкарал бөгетінен Үлкен Аралға мол су кетіп жатыр. Ол суды ұстап қалуға болмай ма?
Марат Нарбаев: - Ол су да бей-берекет жіберілмейді. Шағын көлдерге айналуы мүмкін. Айналасында жасыл белдеу салынады, яғни сексеуіл егіледі. Бұл жұмыс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Қаржы болса, совет кезінде жасалған зерттеу қорытындысы бойынша арнайы су арнасымен Үлкен Аралға дейін жеткізіледі. Сонымен қатар Сарышығанақтан бөгет салынады. Сөйтіп, Көкарал бөгетін тағы көтеру керек пе, жоқ па деген мәселе де шешілген сияқты. Жергілікті тұрғындар Көкарал бөгетін көтерсек, су айдыны ұлғайып, балық көбейеді деп есептейді. Бірақ сарапшылардың сөзінше, Көкарал бөгетін көтергенімен тереңдігі азайып, жайылады да, су жылынуы мүмкін. Мұны да ескеру керек.
Көре отырыңыз: Арал балықшылары Көкарал бөгетін көтеруді күтеді
Азаттық: - Сырдария өзенінің суын егіс алқаптарына пайдаланған соң әрі қарай су арналарымен ағып, жойылып кететіні байқалады. Мысалы, Қызылорда облысында Қуаңдария секілді үлкен су арнасы құмға сіңіп кетеді екен біртіндеп. Осыны реттеуге болмай ма?
Марат Нарбаев: - Ақаба судың далаға кетіп жатқаны рас. Оны реттеу үшін де мол қаржы керек. Ақаба суларды пайдалануға болатын дақылдар өсіру туралы зерттеулер де бар. Қуаңдария, Жаңадария су арналарының суы жер астына кеткенімен гидрогеологиялық жолмен басқа жерден шығады. Жер асты сулары пайда болады.
Азаттық: - Аралды құтқару үшін қандай фактордың маңызы зор?
Марат Нарбаев: - Әр мемлекет шама-шарқынша жұмыс істеп жатыр. Бірақ құрылтайшы бес мемлекет бірігіп жұмыс істегені дұрыс. 2012 жылы Орталық Азияда 50 миллион адам болса, қазір 70 миллион адамға жетті. Сондықтан бірігіп жұмыс істемесе, халық саны өскен сайын су тапшылығы да молая береді.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!
ПІКІРЛЕР