Қызылорда облысы Арал ауданы Бөген ауылында тұратын Тұлпарбек
Ізтілеуов – Үлкен Аралдың (жергілікті халық Ұлы Арал деп атайды)
тартылғанын көзімен көрген осы төңіректегі сирек балықшылардың бірі.
Жетпістің үстіне шықса да, әлі тың отырған қарияның үйіне Азаттық тілшісі барғанда Бөген ауылы тұман басқандай мұнартып тұрған еді. Қарияның айтуынша, бұл – тұман емес, тартылған теңіздің табанынан желмен көтерілген тұзды сор. Үлкен Арал жақтан соққан желмен ілесе келген тұзды тозаң осылай бірер күн тұрып, тарап кетеді.
«ТЕҢІЗДІҢ БҰРЫНҒЫ ЖАҒАСЫ»
Негізінен балықшылар тұратын Бөген ауылында советтік кезеңде салынған шифер төбелі үйлердің арасында көк, жасыл, қызыл шатырлы үйлер көбейгені көзге шалынады. Тұрғындардың сөзінше, бұлар – Кіші Арал толып, балықшылық қайта жанданғаннан кейін салынған жаңа үйлер. Көше бойына емес, биіктеу тұстарға ретсіз салынған үйлердің арасында Тұлпарбек қарияның шаңырағы өзгелерден қораштау көрінеді. Терезелеріне фанер қағылған, шатыры жайпақ, сыртқы сылағы түсе бастаған көне үйдің іргесі де тозған.
Әңгімесін «Арал теңізі шалқып тұрғанда балық ауладық қой» деп бастайтын Тұлпарбек қария бір кездері теңіздің толқыны Бөген аулының іргесіне соғып жатқанын айтқанда орнынан тұрып кетеді.
- Теңіз 1964 жылы анау тұрған қызыл шиферлі тамның шетіне дейін
келген. Содан біртіндеп кейін шегіне берді ғой, - дейді ол.
Зейнетке шыққанына он жылға жуықтаған Тұлпарбек қария әңгімесінде елдің жағдайы туралы көбірек сөйлейді. Кіші Аралдың толғанын, ауыл адамдары балыққа қайта шығып, тұрмысын біршама түзегенін, тіпті жеңіл көлік сатып ала бастағанын айтады. Біраз әңгімелескен соң Тұлпарбек қариямен бірге Көкарал бөгетіне баруға келістік.
Арал теңізінің бір бөлігі Кіші Аралды сақтап қалуға себеп болған Көкарал
бөгеті Бөгеннен шамамен 70 шақырымдай жерде. Бөгеннен шығысымен-ақ ой-шұқыры көбейетін жолмен жеңіл көлік жүре алмайды. Асфальт төселмеген, бірақ қиыршық тас салынған жол – асты биік көлікке де сын.
2005 жылдары Көкарал бөгетін саларда төселген қиыршық бұл күнде
жайылып кеткен. Күзгі маусым басталысымен балық артқан жүк көліктері де жиі жүріп, ой-шұқырды одан әрі көбейтеді. Көкаралға барар жол әуелі Ақлақ бөгетінің үстінен өтеді. Көкаралға сеп болып тұрған бұл бөгетті жергілікті тұрғындар ауызекі тілде «Үшочко», ал Көкарал бөгетін «Жетіочко» деп атайды екен. Бұл атау артық суды өткізетін
арна санына байланысты қойылғаны кейін түсінікті болды. Ақлақ бөгетінде үш арна болса, Көкарал бөгетінде жеті арна бар.
ӨТКЕЛСІЗ БӨГЕТТІҢ ЗИЯНЫ
Көкарал бөгетінің Кіші Арал беті тұнық, шуы да аз. Ал Үлкен Арал жақ
бетіндегі судың гүрілінен құлақ тұнады. Бөгет үстінде таяққа сүйеніп жүрген Тұлпарбек қария бұрынғы Аралды сағынышпен еске алады. Көкаралдың тұсынан ішінде 15 адамға арналған бөлмесі бар кемемен Қарақалпақстан жаққа қарай, Әмударияға дендей өтіп балық аулаған шақтарын қайыра есіне түсірді. Алты ай теңізден шықпай балық аулағаны, жүздеген тонна балықты қабылдау пункттерінен катерлер келіп әкететіні – қазір ертегідей естіледі. Өйткені бұрынғы Арал жоқ. Әмудариядан мүлдем су келмейді. Үлкен Арал деп аталса да, суы тұзданып, жыл санап кеуіп бара жатқан теңіздің негізгі бөлігінен үміт үзіле бастаған.
Кіші Аралдың суын ұстап тұр десе де, Көкарал бөгетінің бір арнасынан
Үлкен Аралға су кетіп жатыр. Гүрілдеп құлаған су бөгет алдында кішігірім
айдынға айналған. Бөгеттің қабырғасына соғып жатқан көпіршік толқынға
үңілген адам балықтардың биік бетон қабырғаға тоқтаусыз секіріп жатқанын көреді.
- Обал, - дейді Тұлпарбек қария. – Көкарал бөгетін салғанда балық кері
қайтатын өткел қалдырылмаған. Бөгеттен құлаған сумен ілесе кеткен
балықтар Үлкен Аралдың ащы суына кеткісі келмей кері секіріп
жатыр, бірақ өте алмайды.
Бұл құбылысқа таңырқаған бізге бөгеттің Үлкен Арал жақ бетіндегі айдында жүрген балықшылар мән-жайды кеңірек түсіндіріп берді. Олардың айтуынша, Көкарал бөгеті Кіші Аралдың суын әрі қарай ұстап тұра алмай бір арнасынан суды Үлкен Аралға жіберуге мәжбүр. Ол судың Үлкен Аралға жетуі екіталай. Жолда тарам-тарам бөлініп, біртіндеп кеуіп, борсыған суға айналады. Бөгеттен өткенімен балықтың бір бөлігі ащы суға кетпеуге тырысады, ал кеткендері қайраңға шығып қырылады. Ондай балықтарды аулап алып қалу да мүмкін емес. Сор батпақ балықшылардың көлігін жүргізбей, ау салатын тұсқа жеткізбейді.
Бөгет алдындағы айдынға бір топ балықшы екі-үш қайықпен кезекпе-кезек шығып ау тартады. Балықтың тереңге кетпей айдын бетінде шүпірлеп жүргені әр жерден жиі шолп ете түсетінінен де аңғарылады. Ауланған балықтарды бірнеше адам қайықтан қотарып алып, шағын жүк көлігіне тиеп жатқаны байқалады. Балықшылардың бірі, сол төңіректегі Қаратерең ауылының тұрғыны Алтай Шыманұлының сөзінше, «бұлар - бәрібір өлетін балықтар».
- Бөгеттің бір айыбы – «рыбаход» салынбағаны. Балық Кіші Аралға қайта өте алмайды. Ал Үлкен Аралға қаншасы кетіп жатқанын Құдай біледі. «Рыбаход» болса, осы балық Кіші Аралға барып өсер еді, - дейді ол.
ҮКІМЕТ ЖОСПАРЫ
Азаттық тілшісімен сөйлескен балықшылардың пікірінше, Кіші Аралдың суы мен балығын кенезесі кепкен Үлкен Аралға жібермей алып қалудың жолы – балық өткелі бар, деңгейі биік жаңа бөгет салу. Осыған байланысты олар «Кіші Аралдың суын көбейтудің екінші кезеңі басталады» деген үкіметтің уәдесінен үміт күтеді.
Зейнеткер балықшы Тұлпарбек қария «өкімет Көкарал бөгетін салғандай
тағы бір күш жұмсаса, Кіші Аралдың суы қазіргіден де асып, 1970 жылдары Бөген ауылының тұсында толқыған теңіз қайта оралуы мүмкін» деп армандайды. Бірнеше сағаттан соң Көкаралдан қайтып Бөгендегі Тұлпарбек қарияның үйіне қондық. Қыздары тұрмысқа шыққаннан соң әйелі екеуі ғана қалған ақсақалдың үйінің төбесінен түнде су тамшылап тұрды.
Жиі жиі тамған тұсқа шелек қойған әйелі: - Жаз бойы жаумаған жауын түнімен желмен араласып жауды, бұл да ырыс қой, - деді.
Аудан орталығы Арал қаласы Бөген ауылынан автобуспен үш сағаттық
жерде тұр. Қала әкімдігіне кірген бетте Қазақстан президенті Нұрсұлтан
Назарбаевтың суреті мен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама атауы көзге шалынды. Алайда Азаттық тілшісін қабылдаған, өзін «Арал ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысымын» деп таныстырған қызметкер Кіші Аралдың суын көбейту туралы бағдарламасына байланысты аудан әкімдігінің позициясын білдіре алмайтынын айтты. Әкімдік қызметкерінің сөзінше, бұл мәселені облыстық әкімдіктен ғана білуге болады. Осыдан кейін Азаттық тілшісі Қызылорда қаласына келіп, облыстық әкімдікке де барған еді. Ішкі кіргізбей, өзі сыртқа шығып тілдескен облыс әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі «Кіші Арал мәселесі бойынша тек хат арқылы сөйлесетінін» айтты.
Дегенмен Кіші Арал суын көбейтуге байланысты ресми БАҚ-та ақпарат
жеткілікті.
Көктемде Арал қаласына премьер-министр Бақытжан Сағынтаев барғанда Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңі биыл басталатынын мәлімдеген. Бұл жоба бойынша, бөгет тағы көтеріліп, теңіз Арал қаласына бір шақырымға дейін жақындауы мүмкін.
Тағы оқыңыз: Аралдан көтерілген тұз аймақ елдеріне тарады
Ресми деректерге қарағанда 2003 жылы Арал теңізі мен Арал қаласының арасы 70 шақырымға алыстаған, ал соңғы жылдары 20 шақырымға дейін қайта жақындаған. Арал теңізі 1960 жылдардан бастап тартыла бастаған. Теңіздің тартылғаны жайлы ақпарат совет кезеңінің соңғы жылдары ғана пайда бола бастады. 1990 жылдардан бастап Арал өңірі «экологиялық апат аймағы» болып жарияланған. 2005 жылы Көкарал бөгеті салынғаннан кейін Аралдың Қазақстан жағындағы шағын бөлігіне қайтадан су тола бастады.
ПІКІРЛЕР