Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық боксшы Әбілхан Аманқұл 75 келі салмақта Азия ойындарының күміс жүлдесіне ие болды. Ол финалда өзбекстандық Исраил Мадримовтан жеңілді.
Аманқұл мен Мадримов 2017 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатының жартылай финалында боктасып, 5:0 есебімен Өзбекстан боксшысы жеңген. Мадримов – Ташкенттегі Азия біріншілігінің чемпионы.
22 жастағы Әбілхан Аманқұл 2017 жылы Гамбург қаласында (Германия) өткен әлем чемпионатының финалында украиналық Александр Хижняктен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болған.
Қазақстан Джакартадағы Азия ойындарына он (жеті ер, үш әйел) боксшы әкеліп, екі медаль иеленді. Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Азиада алдында Азаттық тілшісіне бес медаль, оның ішінде екі алтын алуды жоспарлайтынын айтқан. Ал бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының Вадим Присяжнюк “Азия ойындарынан бос қайтпаймыз” деген.
1 қыркүйекте Қазақстан боксшысы Асланбек Шымбергенов 69 келі салмақта күміс жүлдеге ие болған.
Осылайша, Қазақстан бокс құрамасы Джакартадағы Азия ойындарында екі күміс медаль алды. 2014 жылы Инчхонда өткен Азиадада Қазақстан боксшылары 6 алтын, 2 күміс, 2 қола иеленген еді.
Джакартадағы Азия ойындарында Қазақстан 13 алтын, 16 күміс, 42 қоламен жалпы есепте 8-орында тұр. Азаттық тілшісі Джакартадан арнайы жаңалық таратып отыр. Азиаданың барлық жаңалығын Азаттық сайтының арнайы парақшасынан оқи аласыздар. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.
ПІКІРЛЕР