Чолпон-Атада Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесі мемлекет басшыларының алтыншы саммиті аяқталды. Жиында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйымға төрағалық етуді Қырғызстанға табыстады.
- Біз төрағалық еткен уақытта ғылыми-ағарту жұмыстарына ерекше назар аудардық. Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан және Қазақстанның оқу бағдарламаларына "Түркілердің ортақ тарихы" деген оқулық енгізілді. Түркі академиясы тарих бойынша 90-нан астам кітап шығарды, "Аталар мирасы" порталы ашылып, ол жерге халықтарымыздың төрт ғасырлық мәдени мұрасы жиналды, "Түрікбарометр" әлеуметтік зерттеу жобасын іске асыру басталды. Мемлекеттер арасында туристік саладағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында "Заманауи Ұлы Жібек жолы" жобасы іске қосылды. Бұл арқылы 14 күнде бес елдің тарихи маңызы бар әрі киелі жерлерін 14 күнде аралап шығуға болады, - деді Назарбаев.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қазақстаннан төрағалықты қабылдап тұрып, Қырғызстан экономиканы әртараптандыру, транспорт дәліздерін кеңейту, кәсіпкерлікті дамытып, инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелеріне көңіл бөлу қажет деп санайтынын мәлімдеді.
Бұл жолғы саммитте Таулы Қарабақ жанжалы да талқыланды. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев аймақтағы қауіпсіздік мәселесін ұйым аясында талқылауға шақырды. Ол Әзербайжан аумағының шамамен 20 пайызын құрайтын Таулы Қарабақ көп жылдан бері Арменияның "оккупациясында тұрғанын" айтты.
"Бір миллионға тарта адам туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды. 10 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалды. Армения діни және тарихи ескерткіштерді жойды. Ол мұндай қылмыстарына жауап беруі тиіс", деді Әлиев.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесі мемлекеттерін Әзербайжанның аумақтық тұтастығын қолдауға шақырды.
Қырғызстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, саммит қорытындысында Бірлескен декларацияға қол қойылып, бес құжат қабылданды.
Қабылданған құжаттар арасында ұйым бас хатшысы мен оның орынбасарларын және Түркі академиясының президентін тағайындау туралы шешім, Венгрияға ұйымға бақылаушы мемлекет мәртебесін беру туралы шешім, түркі тілдес елдердің өзара интеграциясы концепциясының жобасы, ұйым елдері басшыларының Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығын атап өту туралы бірлескен мәлімдемесі бар.
Саммитке Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан құрметті қонақ ретінде қатысты.
ПІКІРЛЕР