Ауғанстандағы ең қауіпті қарулы топтардың бірі - "Хаккани желісі" деп аталатын топты құрған Жалаладдин Хаккани созылмалы сырқатынан қайтыс болды. Хакканидің қазасын 4 қыркүйекте "Хаккани желісінің" одақтасы "Талибан" қозғалысы хабарлады.
"Талибанның" Twitter-де ағылшын тілінде жариялаған мәлімдемесінде Хакканидің "ұзаққа созылған науқастан көз жұмғаны" айтылады. "Талибан" Хакканиді "өз дәуіріндегі жиһадтың ең көрнекті қайраткерлерінің бірі болды" деп сипаттайды. Жалаладдин Хакканидің ұлы Сиражуддин Хаккани қазір топты басқарады әрі "Талибан" басшысының орынбасары саналады.
Жалаладдин Хаккани 1980 жылдары АҚШ пен Пәкістанның қолдауымен совет басқыншылығына қарсы шыққан ауған көтерілісшілерінің командирі болған. Ол сонымен қатар араб экстремистері, оның ішінде "Әл-Қаида" лидері Усама бен Ладенмен тығыз байланыс орнатқан. Хаккани АҚШ бастаған коалиция Ауғанстанға басып кірген 2001 жылға дейін Ауғанстанды басқарған тәліптер үкіметінде министр болған.
ПІКІРЛЕР