Қазақстан билігі Сирия мен Иракта жүрген қазақстандықтар туралы хабардар екенін және оларды елге қайтару мәселесін көтеріп жатқанын мәлімдеді.
12 қыркүйекте Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердіге мәжіліс жиыны арасында журналистер аталған елдердегі Қазақстан азаматтары туралы сауал қойған. Мұхтар Тілеуберді "Сирия мен Ирактағы азаматтарымыз, я балаларымыздың қайда екені анықталып жатыр. Оларды елге қайтару мәселесі көтеріліп жатыр", - деп жауап берді.
Тілеубердінің сөзінше, азаматтарды іздеумен Қазақстанның Иорданиядағы елшілігі және Ливандағы бас консулдығы айналысып жатыр. Вице-министр қазірге дейін қанша қазақстандықтың табылғанын айтпады. Оның айтуы бойынша, Сирия мен Ирак биліктері "Қазақстанның біраз азаматының" террорлық іс-қимылдарға қатысы бары ықтималдығын арнайы тексеріп жатыр.
"Оларды кінәсіз екені анықталса, Қазақстан тарапына тапсырады", - деді Тілеуберді. Ол кейбір азаматтардың балалары барын да айтты. Тілеубердінің сөзінше, ол балаларды Сирия мен Ирактан Қазақстанға жеткізу үшін ата-аналарының келісімі қажет әрі ата-аналарының өзі "арнайы тексеріс аяқталғанға дейін" сол елдерде қалуы тиіс.
Оқи отырыңыз: Сирия мен Иракта қанша қазақстандық қамауда отыр?
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) соңғы мәліметі бойынша, Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткен. Азаттықтың ресми сауалына жолдаған жауабында ҰҚК Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдарда 120 ер адам, 250-ден астам әйел және 500 бала барын айтқан.
ПІКІРЛЕР