Президентшіл "Нұр Отан" партиясының Теміртаудағы бөлімшесі Азаттық тілшісіне қала ұйымдары мен мекемелеріне көшірмесі желіде тарап кеткен "партия мүшелері санын көбейту" туралы хатты жолдағанын растады, бірақ хаттың жіберілуін "қателік" деп атады.
Қазақстанда әлеуметтік желі қолданушылары қызу талқылап жатқан хатта партия мүшелерінің санын көбейту міндеті жазылған. Сонымен қатар, хатта ұйым басшыларына "2018 жылы қыркүйектің 28-іне дейін партия қатарына жаңа мүшелерді тарту үшін барын салуға" тапсырма берілген. Құжатқа партияның Теміртаудағы бөлімше төрағасы бірінші орынбасарының қолы қойылған.
Хат соңында "орындаушы" деп есімі жазылған Дана Сәтпаева өзін Азаттық тілшісіне "бөлімнің есеп және статистика секторының жетекшісімін" деп таныстырды. Ол "хатты жіберу – толықтай менің қателігім" деп, "жаңа мүшелерді партияға тарту туралы тапсырма түспегенін" айтты.
Партияның Қарағанды облыстық бөлімі төрағасының орынбасары Қадиша Оспанова баспасөз қызметі арқылы таратқан мәлімдемесінде "партия мүшелерін көбейтуге бағытталған ешбір жоспар жоқ" деп, қазір "Нұр Отан" қатарына "сапалы мүшелерді көбейтуді көздейтінін" айтты. "Бұл жағдай бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірақ бір нәрсені анық айта алам – мұндай хат партияның қазіргі кездегі жұмыс сипатына мүлдем сәйкес келмейді. Тексеру қорытындысынан соң тиісті шешім шығарамыз" деді Қадиша Оспанова.
Қыркүйектің 12-сінде қарағандылық журналист Сергей Перхальский Facebook-тегі парақшасына "Нұр Отан" партиясы Теміртау қалалық бөлімшесінен тараған хаттың көшірмесін жариялаған. Хатта "шілде мен тамызда партияға жаңа мүшелер кіргізбегендер, қыркүйекте жоспарды орындауы тиіс" деп жазылған. Мәтін соңында "тапсырманың қалай орындалғаны туралы қала әкіміне қызметтік хат жолданатыны" және "бұл мәселе партия басшылығының бақылауында" екені жазылған.
Биыл маусым айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі басқаратын "Нұр Отан" партиясының позициясын әрмен қарай нығайту қажетін айтқан.
Бұл партия Қазақстан парламентінде көпшілік орынды иеленген. Парламентте "Нұр Отаннан" өзге билікшіл "Ақжол" партиясы мен Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы бар. Қазақстан шенеуніктерінің көбі "Нұр Отан" құрамында.
ПІКІРЛЕР