Accessibility links

Алматыда Қытайда туыстары қамалғандарға прокуратура ескерту жасады


Қытайда "саяси үйрену орталықтарында" қамауда отырған туыстарының суреттерін ұстаған адамдар баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 26 қыркүйек 2018 жыл.
Қытайда "саяси үйрену орталықтарында" қамауда отырған туыстарының суреттерін ұстаған адамдар баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 26 қыркүйек 2018 жыл.

Алматыда Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағынан (әрі қарай Шыңжаң - ред.) Қазақстанға көшіп келген қазақ отбасыларының өкілдері қыркүйектің 26-сы баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытайда қамауда отырған туыстарын босатуды сұрады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, "Уют" қонақүйінде өткен жиынға Шыңжаң аймағының Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты Мұңғылкүре ауданынан көшіп келген 30-ға тарта қазақ қатысты. Жиында Қытайда кейбір әулеттен онға дейін адам "саяси үйрену орталықтарында" қамауда отырғаны айтылды. Олар Қытайда туыстарының жазықсыз қамауда отырғанын айтып, Қазақстан билігінен оларды босатуға көмектесуін сұрады.

Баспасөз мәслихаты өтіп жатқанда Алмалы аудандық прокуратурасының екі өкілі келіп, жиналғандарға бұндай жиын өткізуге болмайтыны туралы түсіндірді де, ескерту қағазын қалдырып кетті. Ескерту қағазында Қазақстан заңы бойынша, "биліктен рұқсат алмай бейбіт шеруге, митингіге, жиын өткізуге болмайтыны" жазылған. Прокуратура өкілдері Азаттық тілшісіне аты-жөндерін атаудан бас тартты және не себепті баспасөз мәслихатын өткізбеу туралы ескерту жасағанына түсіндірме бермеді.

Баспасөз мәслихатынан соң жиналғандар Алматыдағы БҰҰ өкілдігіне көмек сұрап, хат тапсыруға барды. Өкілдік қызметкері олардың ішінен екі адамды өкілдік алдындағы өткізу пунктіне кіргізіп, хатын қабылдап алды. Қызметкер өкілдік Қытайдағы қазақтардың қамауда отырғанынан хабардар екенін айтып, қолдан келгенше көмек көрсететінін жеткізді.

БҰҰ өкілдігі алдындағы жиыннан тікелей эфир:

​Қытайда жергілікті қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан хабарлана бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезіндееуропалық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.

Оқи отырыңыз: Қытай мұсылмандарына қысым жасалғаны туралы жаңа дерек жарияланды

Биыл мамыр айында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов "Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін "Қытай азаматтығынан шығу заңдылығын бұзған болуы ықтимал" деген күдікпен Қытайда ұсталған этникалық қазақтар туралы журналистер сауалына жауап берді.

Министр жауабында: "Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деп айтқан. Бұдан бөлек, Қытайда қамауда болған бірнеше азаматтың босап шыққаны белгілі болған.

Оқи отырыңыз: Қытайға "кіріптар" Астананың "сақ" дипломатиясы

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жазып келеді. Тамызда The Financial Times газеті Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың хикаясынбаяндап, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы мақалаға жазған. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин мақалаға жазған жауап хатында басылым дерегін "жұртты шатастыратын ақпарат" деп, Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG