Әзербайжан армян қарулы күштерінің Таулы Қарабақта әскери жаттығу өткізуін "шиеленісті ұлғайтуды көздейтін арандату" деп атады. Бұл туралы Азаттықтың Армян қызметі хабарлады.
Таулы Қарабақ қорғаныс күштері 25-28 қыркүйек аралығында Таулы Қарабақта жаттығу өткізіп жатыр. Әзербайжан Қорғаныс министрлігі осыған байланысты мәлімдеме таратып, "Әзербайжан армиясының шептеріне жақын келмек болған жаудың авиациясы" жойылатынын ескертті.
Қорғаныс министрлігі "ықтимал залалдың барлық жауапкершілігі Арменияның әскери-саяси басшылығына жүктелетінін" айтады. Батыстық ақпарат агенттіктері Таулы Қарабақ күштерінің қолбасшысына сілтеме жасап, "Әзербайжан әуе күштері тарапынан қатер төнген жағдайда бірден жауап соққысы берілетінін" хабарлады.
26 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясы аясында Армения сыртқы істер министрі Зограб Мнацаканян мен Әзербайжан сыртқы істер министрі Эльмар Мамедьяров кездеседі деп жоспарланған.
Әзербайжан мен Армения арасында 1990 жылдардың басында сепаратистік Таулы Қарабақ аймағына қатысты жанжал болып, 1994 жылы тараптар бітім жасасқан. Даулы аймақтағы қарулы жанжал салдарынан 30 мыңға тарта адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған. Армения мен Әзербайжан арасы даулы аймаққа байланысты әлі күнге дейін нашар.
ПІКІРЛЕР